Жаңалықтар

«AMANAT» партиясы Еңбек министрлігімен бірге «Жастарға жұмыс» жобасын іске қосты

«AMANAT» партиясы Еңбек министрлігімен бірге «Жастарға жұмыс» жобасын іске қосты
Фото: amanatpartiasy.kz 19.01.2023 17:18 1447

«AMANAT» партиясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастарға жұмыс» жобасын іске асыру бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірледі. Бүгін партияның Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев пен Еңбек министрі Тамара Дүйсенова тиісті құжатқа қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Партияның Атқарушы хатшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында жастар саясатының тұжырымдамасын қайта қарауды және «Жастар үшін» қағидатынан «Жастармен бірге» қағидатына көшуді ұсынғанын атап өтті.

«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың бастамасы бойынша министрлікпен бірлесіп биыл 100 мыңнан астам жасты жұмысқа орналастыруды көздейтін нақты жоспар әзірледік. Біздің мақсатымыз – жауапты, патриоттық сезімі жоғары, еңбекқор және белсенді азаматтық позициясы бар мықты жастарды тәрбиелеу», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Өз кезегінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2029 жылға дейін елімізде 3,3 млн адамды жұмысқа орналастыру көзделіп отырғанын атап өтті. Соның 2,3 млн-ы – жастар.

«Елімізде жыл сайын ашылып жатқан жұмыс орындардың 20 пайызын жастарға ұсынып отырамыз. Бұл жоба аталған міндеттерді іске асыру үшін қабылданатын нақты қадамдарды айқындайды. Осы мәселеде партияның жастар қанатымен тығыз жұмыс істейтін боламыз», – деді министр.

Айта кетейік, «Жастарға жұмыс» жобасы шеңберінде еліміздің барлық өңірінде жастарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру, жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын жеңілдікпен несие беру, тау-кен өнеркәсібінде жаңадан 2 мың жұмыс орнын ашу, жастарды ірі кәсіпорындарда тағылымдамадан өткізу және тағы басқа игі бастамалар қарастырылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға