Жаңалықтар

«AMANAT» фракциясы партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша Үкімет есебін тыңдады

«AMANAT» фракциясы партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша Үкімет есебін тыңдады
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі 28.06.2024 09:20 617

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының кеңейтілген жиынында депутаттар Үкімет мүшелерімен бірге партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысын талқылады. Мәселен, былтыр елімізде 17 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 165 мектеп пен 611 балабақша ашылды, 470 мыңнан астам жас азамат жұмысқа орналастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов «AMANAT» парламенттік көпшілік партия ретінде Мемлекет басшысына Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынғанын және Үкімет құрамын жасақтауға тікелей атсалысқанын еске салды. Сондықтан, «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының сапалы орындалуы – партияның, депутаттық корпустың және Үкіметтің ортақ жауапкершілігі.

Сайлауалды бағдарлама – біздің басты құжатымыз. Бұл – ел дамуына дауыс берген миллиондаған отандасымыздың сенімі. Сондықтан халықтың үмітін ақтап, осы уәделерді орындау – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай ел экономикасын екі есе арттыру міндетін қойды. Мұның бәрі партияның сайлауалды бағдарламасында және бекітілген Жол картасында көзделген. Үкіметпен де келісілген. Бұған салалық министрліктер мен фракция мүшелері тікелей жауап береді, – деді ол.

Сонымен қатар, партия Төрағасы партияның сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасын жүзеге асырудағы оң динамикаға назар аударды. Мәселен, тұрғын үй қолжетімділігін арттыру үшін 2023 жылы 17 млн шаршы метр баспана салынды. Ал Жол картасы бойынша 15,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу көзделген болатын. «Жер аманаты» жобасы аясында 10 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Өз кезегінде, Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Үкіметтің атқарған жұмысы туралы баяндады. Ол экономиканы дамыту, бизнесті, ауыл шаруашылығын, өндірісті қолдау, азаматтардың табысын арттыру, әлеуметтік саясатты жақсарту, жұмыспен қамту мәселелерін шешу, өңірлердің инфрақұрылымдық дамуы және өзге де маңызды бағыттар бойынша қабылданған шараларға егжей-тегжейлі тоқталды.

Үкімет өзінің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауда. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттің 40%-дан астам қаражаты бөлінеді. Мәселен, былтырдан бастап атаулы әлеуметтік көмек шеңберінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша төлем белгіленді. 2023 жылы бұл төлемді 186,8 мың бала алды. Бұған қоса, биыл базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 65%-ға, ал ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 105%-на дейін ұлғайтылды. Айта кетейік, бүгінде Қазақстан ТМД елдері арасында ең жоғары орташа зейнетақы мөлшеріне ие, – деді ол.

Сонымен қатар, түрлі санаттағы азаматтардың: әскери қызметшілердің жалақысы – 50%-ға, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жалақысы – 40%-ға, дәрігерлердің еңбекақысы – 30%-ға, медицина қызметкерлерінің жалақысы – 20%-ға, мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің еңбекақысы – 20%-ға өсті. Сонымен қатар, былтыр 67 мың орындық 611 мектепке дейінгі мекеме және 137,8 мың орындық 165 мектеп ашылды. 473 мың жас азамат жұмысқа орналастырылды. Премьер-Министрдің орынбасары тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларына жеке тоқталды.

Жыл соңына дейін 18 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Биыл жалға берілетін тұрғын үй құрылысына «Самұрық-Қазынадан» алғаш рет 272 млрд теңге бөлінді, оның 40%-ы аудандық деңгейдегі тұрғын үй құрылысына арналған. Сондай-ақ, биыл «Отбасы банк» желісі бойынша 20 мың отбасына 7-9% жеңілдікпен несие беру жоспарлануда, – деді Н.Байбазаров.

Премьер-Министрдің орынбасары 2023 жылы шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің жалпы экспорты 35,6 млрд АҚШ долларын құрағанын айтты. Ол сондай-ақ депутаттарды ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың жүйелі шаралары туралы хабардар етті. Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында 89,9 млрд теңге сомасына 14,2 мың шағын несие берілді. Бұл қадам 15,7 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев жергілікті жердегі партиялықтар жауапты мемлекеттік органдармен бірге сайлауалды уәделердің жүзеге асырылуына тұрақты мониторинг жүргізуді жалғастырып жатқанын атап өтті.

Бүгінде салынып жатқан нысандарда 600-ден астам партиялық бақылау бекеттері орналастырылды. Оған 12 мыңнан астам партия мүшесі жұмылдырылды. Мәслихаттардағы партия фракцияларының жиындарында жергілікті атқарушы органдардың есебі тыңдалды. Сондай-ақ, Партиялық бақылау комитеті атқарған жұмыс нәтижесінде, сайлауалды бағдарламаны орындамағаны немесе тиісті деңгейде жүзеге асырмағаны үшін 36 партия мүшесі партиялық жауапкершілікке тартылды, – деді ол.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың кейбір пункттері бойынша, оның ішінде балабақшалар ашу, ағаш отырғызу, әлеуметтік жағдайы осал топтарға тұрғын үй беру және тағы басқа бағыттар бойынша артта қалушылық бар екеніне Үкімет мүшелерінің назарын аударды.

Жиынды қорытындылай келе, «AMANAT» Төрағасы фракция мүшелері мен министрлер Президенттің сайлауалды бағдарламасының жүйелі жүзеге асырылуын бақылауды күшейтуі керек екенін атап өтті.

Әр депутат өзінің сайлауалды уәделер блогын мұқият талдап, министрліктермен тығыз жұмыс істеуге тиіс. Қажет болған жағдайда бюджетті қарау кезінде ұсыныстар енгізу керек. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауларындағы нақты тапсырмалары, «AMANAT» партиясының халыққа берген уәделері және Үкіметтің елді дамыту, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі міндеттемелері, – деді Ерлан Қошанов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға