Жаңалықтар

Ғалымдар Күн жүйесіндегі тоғызыншы планетаны тапты

Америкалық ғалымдар астрономия кітаптарын кері жазғызатын жаңалық ашты.
25.01.2016 09:43 10564

Ғалымдар Күн жүйесіндегі тоғызыншы планетаны тапты

Америкалық ғалымдар астрономия кітаптарын қайта жазғызатын жаңалық ашты. Калифорния технологиялық институтының зерттеушілері Майкл Браун мен Константин Батыгин Күн жүйесіндегі тоғызыншы планетаны анықтағанын жариялады. Олардың жұмыстарының нәтижелері «Астрономиялық журналда» жарық көрді.

 Фото: R. Hurt / Infrared Processing and Analysis Center / Courtesy of California Institute of Technology / AP

Астрофизиктердің пайымдауынша, олар Күн жүйесінің межесінде «X-планетасының» барын растайтын «нақты дәлелдемелер» тапты. Аспан денесінің мөлшері Нептун планетасымен пара-пар. Жаңа планетаның массасы Жер шарымыздың массасынан он есе ауыр. Ал диаметрі болса Жерден 2-4 есе үлкен.

Жұмбақ планетаны астрономдар әзірге тек математикалық және компьютерлік модельдеу арқылы анықтады. Олардың болжамы бойынша, ғалымдар тоғызыншы планетаны телескоп арқылы бес жылдан кейін көре алады. Болашақта Гавай аралында орналасқан Subaru атты жапондық обсерваториядан планетаны тіркеу мерзімі де бекітіліп қойған. Браун мен Батыгин қателесу мүмкіндіктерін 0,007 пайызға бағалайды.

Теориялық нысанның Күннен ең қашық Нептун планетасының орбитасынан 20 есе алыс орналасқандығы анықталды. Ғалымдардың айтуынша, «X-планетасы» шырақтан 200-1200 астрономиялық бірлік (1 астрономиялық бірлік Жер мен Күннің арасындағы қашықтыққа тең) қашықтықта орналасқан орбитасы бойынша Күнді айнала қозғалады. Ол Күнді толықтай 10-20 мың жыл ішінде айналып шығады.

Сурет: NASA / JPL-CALTECH

Жаңа планетаны іздестіру Браунның бұрыңғы студенті Койпер белдеуінен қашықтықта орналасқан 13 нысанның қозғалысының ұқсастығын растайтын мақала жазғаннан кейін 2014 жылы басталып кетті. Батыгинмен бірігіп 13 дененің орбиталарын зерттеуге кіріседі.

 «Ең басында бұл планетаның барына біз сенімсіздікпен қарағанбыз. Бірақ оның орбитасына зерттеулер жүргізе келе, бұл теорияның растығына сене бастадық», - деді Батыгин.

Нысанның есептелген массасы оны толықтай планета деп атауға құқық береді. Себебі ол Плутоннан 5 мың есе ауыр! Күн жүйесінде көп таралған ергежейлі планеталар секілді ұсақ нысандардан гөрі жаңадан анықталған тоғызыншы планета Койпер белдеуінің айналасында гравитациялық басымдылыққа ие.

Койпер белдеуінің түбінде орналасқан планета қайдан пайда болды?

Ғалымдардың ойынша, Күн жүйесінде Юпитер, Сатурн және Нептунды құрған бастапқы төрт ядро болды. «Алайда, олардың саны бесеу де болуы мүмкін», – дейді Браун. Бұл бесінші протопланета Юпитер мен Сатурнға тым жақын келіп ең алыс орбитаға кері итеріліп кеткені әбден мүмкін.

2006 жылға дейін ғалымдар Күн жүйесінде 9 планета бар деп ойлады: Меркурий, Шолпан, Жер, Марс, Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун, Плутон. Алайда, Плутонды Эрида және Церерамен бірге ергежейлі планеталар қатарына қосқаннан кейін Күн жүйесінде 8 планета қалды.


Айсауле Нұрлыбек

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға