Аляскадағы кездесуде не айтылды? Путин мен Трамптың мәлімдемесі
Ресей мен АҚШ президенттері Владимир Путин мен Дональд Трамп Аляскада өткен кездесудің қорытындысы бойынша журналистер алдында мәлімдеме жасады. Екі мемлекет басшысы келіссөздердің конструктивті және өзара сыйластыққа негізделгенін атап өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Кездесу шамамен үш сағатқа созылды. Ресей тарапынан министр Сергей Лавров және президенттің көмекшісі Юрий Ушаков, ал АҚШ тарапынан мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен Трамптың арнайы елшісі Стив Уиткофф қатысқан.
Кремль басшысы кездесудің өте маңызды және пайдалы өткенін жеткізді.
Америкалық әріптесіме Аляскаға шақырғаны үшін ризашылығымды білдіремін. Бұл жерде кездесу логикалық тұрғыдан дұрыс болды, өйткені біздің елдерімізді мұхиттар бөліп тұрғанымен, біз бір-бірімізге жақын көршіміз. Ұшақтан түскен кезде мен: “Қайырлы күн, қадірлі көршім, көргеніме қуаныштымын” деп айттым. Бұл сөздер көрші елдер арасындағы достық қарым-қатынасты көрсетеді, - деді Путин.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі Украинадағы жағдай болды. Ресей президенті АҚШ әкімшілігі мен Трамптың украин дағдарысын шешуге ниет білдіргенін атап өтті.
Мен бірнеше рет айтқанмын, Украинадағы оқиғалар біздің ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіреді. Біз әрдайым украин халқына бауырластық сезіммен қарадық, бұл жағдай біз үшін трагедия іспеттес. Сондықтан біздің ел бұл дағдарысты тоқтатуға шын ниеттіміз, - деді Путин.
Сонымен қатар, ол дағдарыстың барлық түпкі себептерін жою, Ресейдің заңды мүдделерін есепке алу және Еуропа мен әлемдегі қауіпсіздік теңгерімін қалпына келтіру қажеттігін атап өтті.
Трамппен келісемін, Украина қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс. Біз бұл бағытта жұмыс істеуге әзірміз және қол жеткізілген келісімнің Украинадағы бейбітшілікке жеткізетініне сенеміз, - деді Ресей басшысы.
Путин Киев пен Еуропаның астаналары бұл нәтижелерді оң қабылдап, прогресті тоқтатуға тырыспауы тиіс деп үміттенеді. Ол арандатушылар мен жасырын интригалар ешқандай кедергі келтірмеуі керек екенін айтты.
Путин егер Трамп сол кезде президент болса, Украинадағы қақтығыс болмайтын еді деп мәлімдеді.
Бүгін біз Трамптан: “Егер мен президент болғанымда соғыс болмайтын еді” деген сөздерді естіп отырмыз. Менің ойымша, солай болар еді, - деді Путин.
Дональд Трамп өз сөзінде толық келісімге әлі жетпегендерін айтты.
Біз толық түсіністікке келе алмадық, келісім жоқ. Бірақ кездесу өте өнімді және терең болды. Біз көптеген мәселелер бойынша келісімге келдік, кейбір маңызды сұрақтар әлі шешілген жоқ, бірақ прогресс байқалады, - деді АҚШ президенті.
Трамп кездесуден кейін еуропалық лидерлер мен Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлесетінін, сондай-ақ Путин шақырса Мәскеуге баруы мүмкін екенін айтты. «Путин мырза, жақында сізбен кездесуді асыға күтемін», - деді ол.
Баспасөз конференциясында екі ел басшысы журналистердің сұрағына жауап бермеді.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей көшбасшысы Владимир Путинді Анкоридждегі әскери базаның ұшу алаңында жеке өзі қарсы алған болатын.

