Алтынмен оралған чемпион: Михаил Шайдоровқа Астанадан үш бөлмелі пәтер берілді
2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров елге оралды. Астана халықаралық әуежайында спортшыны жанкүйерлер, жақындары мен спорт қауымдастығы ерекше құрметпен қарсы алды. Салтанатты іс-шара барысында Олимпиада чемпионына Астанадан үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Бұл жолы баспананы Қазақстанның конькимен мәнерлеп сырғанау одағы сыйға тартты.
Сонымен қатар Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған Софья Самоделкина мен жаттықтырушылар құрамына бір бөлмелі пәтерден берілді.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстан киберспорт жұлдыздарының ұстаханасына қалай айналды
- Дұға қай уақытта қабыл болады? – Мүфтият кеңесі
- Google Gemini енді ән жаза алады: ЖИ қызметі кімдерге қолжетімді
Әуежайға, түннің бір уағына қарамастан, жиналған жанкүйерлерге Михаил Шайдоров алғысын білдірді. Оның айтуынша, Олимпиада төрінде Қазақстанның көк байрағы көтерілген сәт спортшы үшін өміріндегі ең толқулы әрі мақтанышқа толы кезеңдердің бірі болған.
Түннің бір уағында осында келіп, мені күтіп алған жандарға алғысым шексіз. Көк байрағымыз Олимпиада ойындарының ең құрметті төріне көтерілген уақытта кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Сіздердің қолдауларыңыз әрі қарай да дамуға ынталандырады. Бәріңізге рақмет, – деді чемпион.
Ал Софья Самоделкина алдағы уақытта Михаил Шайдоров секілді Олимпиада алтынын жеңіп алу үшін жаттығуын тоқтатпай, еңбек ете беретінін айтты.
Қазақстанның конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералының сөзінше, биылғы Олимпиададағы бұл жеңіс ел спорты тарихындағы ерекше белес ретінде бағаланады.
Биылғы Олимпиададағы Михаилдің жеңісі қазақ спортының тарихына алтын әріппен жазылады. Себебі Михаил Шайдоров бізге көптен күткен Олимпиада алтынын сыйлап, 32 жылдан кейін Қазақстан әнұранын Олимп төрінде қайта шырқатты. Михаил бауырымыз марқұм Денис Теннің салып кеткен сара жолын жалғастырып, барша қазақ елін қуанта алды. Бұл нәтиже спортшы мен оның командасының табанды еңбегінің жемісі.
Софья қарындасымызды мәнерлеп сырғанаудан үздік он спортшының қатарынан көрдік. Софьяның алда алар асуы көп, ел қоржынына әлі талай жеңіс қосатынына сенімдіміз. Спортшылардың ата-аналарына, жаттықтырушылар құрамына, мамандар тобына, Туризм және спорт министрлігіне, Ұлттық олимпиада комитетіне шынайы алғысымды білдіремін, – деді Бауыржан Ералы.
Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин ең алдымен спортшыларды үлкен жеңіске жеткізген жаттықтырушылар еңбегін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, чемпиондарды дайындауда бапкерлер шешуші рөл атқарған.
Елге алтын медальмен оралудың қандай сезім екенін жақсы түсінемін. Біздің нағыз батырларымыз – осы спортшылар. Ең алдымен жаттықтырушыларға алғыс айтқым келеді. Дәл осы мамандар чемпиондарды тәрбиелеп шығарды, үнемі жанынан табылды. Министрлік, федерация және Ұлттық олимпиада комитеті әрдайым қолдау көрсетті. Қазақстан бұл жеңіске лайық, – деді Геннадий Головкин.
Айта кетейік, Михаил Шайдоровтың алтын медалі – 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына түскен жалғыз жүлде болды. Соның арқасында ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 19-орынға тұрақтап, бұл көрсеткіш ел тарихындағы қысқы Олимпиадалардағы екінші үздік нәтиже ретінде тіркелді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Италияға барған делегация
Осы орайда журналистер туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтан Италияда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына барған ресми делегация құрамына қатысты сұрақ қойды. Министрдің айтуынша, делегация арнайы бұйрықпен бекітіледі және халықаралық жарыстарда әр маманның нақты міндеті болады.
Мен комитетте де, федерацияда да жұмыс істедім. Халықаралық аренада әр адамның өз міндеті бар екенін жақсы білемін. Делегация құрамындағы әрбір адамның спортшылармен жұмыс істеуге байланысты нақты мақсаты болды. Артық ешкім барған жоқ, – деді Ербол Мырзабосынов.
Сонымен қатар министр делегацияға жұмсалған нақты қаржы көлемін дәл қазір айта алмайтынын, алайда бұл сұраққа жазбаша түрде жауап берілетінін жеткізді.

