Жаңалықтар

«Алтын адамды» тапқан археолог өмірден озды

Өмірден кім өткенін білесің бе?
13.06.2016 05:45 6987

Алматы облысындағы Есік қорғанынан «Алтын адамды» тапқан арxеолог Бекен Нұрмұханбетұлы өмірден озды. 

Сурет: voxpopuli.kz

Бекмұханбет Нұрмұханбетов 1935 жылы Алматы облысы Ақсу ауданының Еңбек ауылында туған.

1962 жылы ҚазМУ-ды бітірген. 1962 – 93 жылдары Қазақ КСР ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында лоборант, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болды.
1993 – 98 жылдары Алматы облысы Есік қаласында ашылған облыстық өлкетану мұражайының директоры, 1998 жылдан Қазақ Ұлттық ғылым академиясының Ә.Марғұлан атындағы Археологиялық институтында ғылыми кеңесші, осындағы археологиялық мұражайдың қор сақтаушысы. Ол Қазақстан аумағында академик Ә.Марғұлан мен К.Ақышев басқарған ғылыми экспедицияларға қатысты.

Сурет: voxpopuli.kz

Кейін Жетісу археологиялық экспедициясын басқарды. Зерттеушілік жолы қола дәуірінен (б.з.б. 14 ғ.) ортағасырлық (б.з. 10 – 12 ғ-лар) кезеңдерге дейінгі аралықты қамтиды. Қаңлы заманын (б.з. 2 – 4 ғ-лар), көне түркі дәуірін (б.з. 4 – 8 ғ-лар) тұрақты зерттеді. Атап айтқанда, Отырар өңірінің Көкмардан, Күйікмардан қалаларының жұрттарындағы зираттарға, Арыс өз. бойындағы Бөріжар, Қарааспан, Бөген обаларында қазба жұмыстарын жүргізді. Көне мұраларды қорғау және пайдалану жұмыстарын жолға қою мақсатында 1980 жылы жедел көмек тобын құрды. Бұл шағын топ кейін Қазақстан аумағын түгел қамтып, сақ қорғандары Шұбарт, Молалы, Қырғауылды, Боралдай,Есік,Түрген обаларын қамқорлыққа алды. 1999 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында «Алтын адам» Ұрпақтар сабақтастығы ассоциациясын құрды. Ассоциацияның басты мақсаты – «Алтын адам» табылған Есік обаларын ашық аспан астындағы мұражай-қорыққа айналдыру. 

Бекмұханбет Нұрмұханбетов осы обалардың қоғамдық негіздегі шырақшысы міндетін атқарып келді. Археолог-ғалымның 50 шақты ғылыми мақалалары, көпшілікке арналған 200-дей материалдары жарық көрген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға