«Алтын медаль аламын деп барғанмын»: Қазақстанға тарихи жүлде сыйлаған таеквондошы
Араға 18 жыл салып таеквондодан Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатында медаль еншіледі. Бұл жолы тарихи жетістікке жас спортшы Нодира Ахмедова жетті. El.kz интернет порталының тілшісі Нодираны құттықтап хабарласып, жеңіске жету жолын және болашаққа деген жоспарын білді.
– Нодира, ең алдымен тарихи жүлдеңізбен құттықтаймын! Көңіл күйіңіз қалай? Жүлденің қуанышын сезініп үлгердіңіз бе?
– Рахмет сізге. Шыны керек, әлі күнге дейін толық түсінбей жүргендеймін. Бірақ, әрине, қуаныштымын. Бұл – мен үшін үлкен тәжірибе, үлкен жетістік.
– Жарыс қалай өтті? Өз өнеріңізге көңіліңіз толды ма?
– Бұл чемпионатқа алтын алу мақсатымен бардым. Бірақ бұйырғаны қола болды. Дегенмен өте қуаныштымын. Қолдау көрсеткен бапкерлерге, командаластарыма рахмет!
Тактикалық тұрғыдан аздаған қателік кетті. Бірінші раунд жақсы өтті, екінші раундта бір соққы өткізіп алдым, соның салдарынан ұпай айырмасы пайда болды. Алайда өзімнің дайындығымды толық көрсете алдым деп ойлаймын. Аянып қалған жоқпын.
– Әлем чемпионаты алдындағы соңғы даярлық жұмыстары қайда өтіп еді?
– Алматыда жиырма бес күндік оқу-жаттығу жиындары болды. Сол жерде тынымсыз жаттықтық, әр жекпе-жекке тактика құрдық, қарсыластарымызды зерттеп, шеберлігімізді шыңдадық.
– Араға 18 жыл салып медаль салдыңыз. Жалпы, жауапкершілік жүгі ауыр болған жоқ па?
– Иә, соңғы рет 2007 жылы Қазақстан әйелдер құрамасы сапынан Назгүл Тәжіқұлова медаль алған еді. Сол үшін жауапкершілік өте жоғары болды. Басында қатты уайымдадым. Бірақ бапкерім уайымға бой алдырмауым керектігін санама құйды. Мен де өзіме «медаль алуым керек» деп қысым жасамауға тырыстым. Тек өз жұмысымды жақсы атқаруға, әр жаттығуда қайталаған әрекеттерді даянгта көрсетуге тырыстым. Әрине, алтын алғым келді, бірақ қола бұйырып тұр екен. Соған да шүкір. Болашақта қателіктермен жұмыс істеп, шыңдала түсеміз деп үміттенемін.
– Сіз үшін қай жекпе-жек қиын болды?
– Шынын айтсам, жекпе-жектің ешқайсысы да оңай болған жоқ. Өйткені бұл – әлем чемпионаты. Мұнда осал қарсылас жоқ, кім де болсын бар күшін салуға тырысады. Барлық қарсыласым тәжірибелі. Көпшілігі менен бойшаң, кейбірінің салмағы ауыр болды. Әр кездесуде соңғы секундқа дейін күресуге тура келді.
– Сізден соң Айдана Құмартаева да жүлде алды. Онымен жарыс кезінде сөйлесіп, кеңес бердіңіз бе?
– Айдана екеуміздің салмақ категориямыз жақын. Мен – 49 келі, ол – 46 келі. Бірақ жарыс кезінде әркім өз дайындығымен жүрді, арнайы ақыл-кеңес беретін уақыт болған жоқ. Дегенмен Айдана үшін өте қуаныштымын. Өте еңбекқор қыз. Айдана да барын салды, әлем чемпионатында өзін жақсы көрсетті. Бұл біздің команда үшін үлкен жетістік.
– Өзіңізге 49 келі ыңғайлы салмақ па?
– Биыл тоғыз рет салмақ қудым. Себебі өз салмағым 53 келі, яғни әр жарыс алдында 3-4 келі қуамын. Өзім бірінші нөмір болғандықтан, сондай қадамға баруға тура келді. Өйткені біз жарыстан-жарысқа, жаттығудан-жаттығуға жүрдік.
– Өкінішке қарай, ерлер құрамасы жүлдесіз қалды. Бұған не себеп деп ойлайсыз?
– Жігіттерде бәсекелестік өте жоғары. Себебі әр салмақта 70-80 адамнан бар, яғни әрқайсысы 6-7 айқастан өткізеді, бұл физикалық тұрғыда өте ауыр. Әсіресе жеңіл салмақтарда бәсеке жоғары. Әйтпесе біздің жігіттер де мықты, дайындығы да жақсы болды. Құрамаға жастар келіп жатыр, ал оларға тәжірибе қажет. Сондықтан тағы бірнеше жылда жүлделер міндетті түрде болады деп ойлаймын.
– Сіздерді қолдауға арнайы Димаш Құдайберген барды. Тілдесіп үлгердіңіз бе?
– Ол кісінің келетінін білген жоқпыз, сондықтан таңғалдық. Димаш ағамызға көрсеткен қолдауы, жылы лебізі үшін шын жүректен алғыс айтамын. Жеке сөйлесе алмадым, бірақ командамен бірге құттықтағанда ерекше қуандым. Димаш ағамыз спортшыларға үнемі қолдау көрсетіп жүреді ғой.
– Ал таеквондоға деген қызығушылығыңыз қалай басталып еді?
– Мен бұл спортқа жеті жасымда келдім. Қазір жиырмадамын, яғни он үш жыл болды.
Басында қорғану үшін, жай хобби ретінде айналысқанмын. Бізді әпкелеріммен бірге спортқа әкемнің ағасы ертіп келген. Кейін әпкелерім жарақат алып, спорттан кетті, ал мен кәсіби түрде жалғастырдым. Шынын айтсам, мұндай деңгейге жетемін деп ойламаппын.
– Ата-анаңыз бұл таңдауыңызды қалай қабылдады?
– Әрқашан қолдап келеді. Әсіресе анам мені жарыстарға шығарып салып, әр жеңісімді бірге тойлайды. Әлем чемпионатынан кейін бірінші болып бапкеріме, сонан соң анама хабарластым. Ол кісі жылап жіберді, екеуміз де қатты толқыдық.
– Таеквондо сізге несімен ұнайды?
– Маған бұл спорттың әдемілігі ұнайды. Таеквондо – шығыстың ең көркем жекпе-жек түрлерінің бірі. Көп адам «қыз балаға мұндай спорт жараспайды» деп жатады. Бірақ бұл – спорт, өнердің бір түрі. Мұнда техника, сұлулық, тәртіп – бәрі бар.
– Қазір ұлттық құрамада Есбол Сұлтанов бас бапкер. Париж олимпиадасында Тунис құрамасымен ауыз толтырып айтарлық жетістікке жетті. Оның келуімен қандай өзгеріс байқадыңыз?
– Иә, Есбол ағай келгелі команданың тәртібі күшейді, жұмыс жүйелі бола түсті. Әр ұсақ-түйекке дейін талдаймыз, әр жекпе-жектен кейін бейнежазбаны қарап, қатемізді түзетеміз.
Жеке жұмысқа да көп көңіл бөлінеді. Әр спортшы өз жаттықтырушысымен жеке сараптама жасап отырады. Сол себепті қазір біздің құраманың деңгейі жоғарылап келе жатыр деп ойлаймын.
– Құраманың ішіндегі атмосфера қандай? Бір-біріңізге қолдау көрсетесіздер ме?
– Өте жақсы. Біз бір-бірімізге кеңес айтып, қиын сәтте демеу боламыз. Командалық рух біз үшін маңызды. Барлығымыз бір мақсат үшін еңбек етіп жүрміз.
– Енді алдағы жоспар қандай? Әлем чемпионатынан кейін демалуға уақыт болатын шығар?
– Әзірге демалу туралы ойлаған жоқпын. Өйткені алда маңызды жарыстар күтіп тұр. Бұйыртса, келесі жылы Азия ойындары бар, соған дайындаламыз. Одан кейін Гран-при жарыстары өтеді. Сол аламандарда топ жарсам деген ниетім бар.
Ал ең үлкен арманым – Олимпиада ойындарына қатысып, сол жерде жеңіске жету. Сол үшін әлі де көп еңбек ету керек.
– Сіздің салмағыңызда басты қарсыластар кімдер?
– Негізінен Қытай мен Тайбэй спортшылары өте мықты.
– Ал ішкі бәсекелестік жайлы не айтасыз?
– Ботагөз Қапанова секілді мықты қыздар бар. Бәсекелестік деңгейі жоғары, солай болуы керек те, әйтпесе өспейсің. Қазір қатарымызды 2008-2009 жылдары туған спортшылар толықтырып жатыр, олардан да біраз нәрсе үйренуге болады, қалай дегенмен жасөспірімдер арасында әлем және Азия чемпионаттарында тәп-тәуір өнер көрсетіп жүрген қыздар ғой.
– Әдетте әлем, Азия чемпионаттарында үздік шыққандарға сыйақы беріліп жатады, ол жағы сіздерге де қарастырылған шығар?
– Ақшалай сыйақы беріледі деген. Алдымен аман-есен елге жетіп алайық.

