Жаңалықтар

Алтын Каникар: 1991 жылы «Қазақстан» деген сөзді алғаш естіп, өміріме көктем келді

Алтын Каникар: 1991 жылы «Қазақстан» деген сөзді алғаш естіп, өміріме көктем келді
28.01.2020 12:28 3701

1991 жылдың көктемі. Мен тоғыз жасар баламын. Біз Баянөлгейде тұратын едік. Қазақстан ресми түрде Тәуелсіздігін әлі жарияламаған кез. Бірақ сол уақыттағы жағдайды жақсырақ аңғарған болуы керек, әкем тарихи Отанымызға көшеміз деп шешім шығарған.

Алтын Каникар: 1991 жылы «Қазақстан» деген сөзді алғаш естіп, өміріме көктем келді

Әлі есімде. Әжемнің ауласында ағайын-туыс жиналып қалған. Біздің киіз үйдің жабдықтарын сыртқа шығарып, түгендеп, жөндеп, бүтіндеп жатыр. Бұл менің өлкемде отау ауылдан жырақ көшер кезде жасалатын әдемі әдет еді.

Әжем бәріне сырттай бақылай қарап отыр. Өзі үнемі отыратын сұр тастың үстіне шоқиып отырып алған. Тізесін сәл құшақтай отырғанына қарап әлденеге алаң екенін нақты білдім. Қасына жайғасқан әкемнің түріне қарасам, бірдеңе бүлдіріп қойған адам сияқты, қолындағы шырпы жер түртіп бірдеңе сызып отырғандай (кейін сұрағанымда бүркіттің суретін салып отырдым деді марқұм).

Әкемнің аға-інілері, жеңге-келіндері және әпкесі мен қарындасы – ешқайсысында үн жоқ. Басқа уақыт болса, қанша дегенмен бір қора адам ғой, азан-қазан болып жатар еді. Әжем өте қатал кісітұғын. Сегіз жетім баланы өзі жалғыз өсірген, жоқтан бар құрастырып қатты байып кеткен кісі екен.

Ауладағы балалардың ересегі мен болғандықтан туырлықтың шетін ұстап тұру деген жұмыс маған берілген. Қолыммен туырлықты тартып тұрсам да, құлағым әкем мен әжемнің әңгімесінде. Бірін естіп, бірін естімей қалам. Сәтін салып туырлықты артқа тартып болғанда әлгі екеуінің қасына бір қадам аттап бардым. Сонда естігенім:

– Елге қайтамыз, батаңызды беріңіз, – деп дауыстады әкем. Бұл өте батыл шешім еді.

– Білмейтін жерге қалай кетесің? – деді әжем.

– Білмейтін жер емес, біздің ел, тарихи Отанымыз, Елбасы Назарбаев шақырып жатыр. Еліме, ата-жұртыма барам. Нар тәуекел!

Әкем азаннан тұрды да қаладан шықты да кетті. Сол күні кешке бізді «Қазақстанға көшеді» деп шешті. Алғаш «Қазақстан» деген сөзді естіп кеудемді қуаныш кернеді. Осылай 1991 жылы өміріме көктем келді.

Алтын Каникар: 1991 жылы «Қазақстан» деген сөзді алғаш естіп, өміріме көктем келді

«Елге келдік!» деген әкемнің қуаныш кернеген жүзі әлі есімде.

Әкем әскери қызмет жасаған адам еді, темірдей тәртіпте үйде жеті бала өстік. Елге келген соң құшағын айқара ашқан Қазақстандағы ағайынның қолдауын көрдік. Ата-анамызға жұмыс беріліп, үймен қамтамасыз етілдік. Мен тәуелсіз елімде, тарихи Отаныма оралу бақыты бұйырғандардың қатарынан болғаным үшін тағдырыма шексіз ризамын.

Білім алып, Қарағанды Мемлекеттік Университетіне оқуға түстім. Физика пәнін оқытушы мамандығын алып шықтым. Университет қабырғасында оқып жүріп «Атамекен» байқауында көк байрағымызды тіккенім әкемнің 91-дің көктемінде Ел аңсағаннан, Елге оралар мүмкіндік берген үшін Елбасына деген алғысына арнап туындаған дүние еді.

Алтын Каникар: 1991 жылы «Қазақстан» деген сөзді алғаш естіп, өміріме көктем келді

Бала болсам да (9 жаста) мен әкеме осынша күш-қуат, осынша шабыт берген, көшуге бел буғызған «Елбасы» деген атаны іштей жақсы көріп кеттім. Ол кім екен, бізге осынша күшті мүмкіндік берген деген көкейімде сұрақ қалды.

Әкемнің қос нар тәуекелділігі бізді Тәуелсіз елге әкелді. Сол әкеден көрген «Тәуекелдік» әдет мен үшін дәстүрге айналды.

Алтын Каникар,

Көпбалалы ана,

Қарағанды облысы ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға