"Алты айдан кейін тексеремін". Тоқаев ауыл мектептерін шұғыл интернетпен қамтуды тапсырды
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезіндегі баяндамасында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Мемлекет басшысы білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету маңызды екенін атап өтті.
Шын мәнінде, Қазақстанда әлемнің беделді оқу орындарымен бәсекелесе алатын мықты мектептер бар. Бірақ ондай білім ошақтарында балаларымыздың жүзден бір бөлігі ғана оқиды. Ал цифрлық шешімдер озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Сол арқылы, тіпті, шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің және әлемнің үздік ұстаздарының материалдарымен және сабақтарымен қамтамасыз етуге болады. Сондықтан еліміздегі барлық ауыл мектебіне жылдамдығы жоғары интернетті қолжетімді ету мәселесін шешу аса маңызды. Бұл – Үкіметтің алдындағы шұғыл міндет, деді Президент.
Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік екенін айтты.
Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін. Жалпы, білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет. Бұл ретте олардың әрқайсысында жергілікті желі орнатылуы керек»