©El.kz/Жалғасбек Тоқтамысов

Альцгеймер ауруын баяулататын әдіс табылды

Ғалымдар ойын түріндегі жаттығулар деменцияның бастапқы кезеңімен күресте жақсы нәтиже көрсеткен, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Альцгеймерге қарсы ойындар

Alzheimer’s Research & Therapy журналында клиникалық зерттеу нәтижелері жарияланды. Онда қозғалыс пен когнитивтік тапсырмаларды үйлестіретін жеке жаттығулар деменцияның ерте кезеңде дамуын баяулата алатыны дәлелденді.

Зерттеуге Альцгеймер ауруы енді басталған 41 адам қатысты. Еріктілердің бір бөлігі Brain-IT бағдарламасы бойынша жаттықты. Бұл бағдарлама есте сақтау, зейін мен қабылдауды дамытуға бағытталған белсенді ойын жаттығуларынан тұрды.

Қатысушылардың миында қандай өзгерістер болды?

Бірнеше айдан кейінгі қайта жасалған МРТ нәтижесі бұл топта гиппокамп, таламус және алдыңғы белдеу қыртысының көлемі артқанын көрсетті. Сондай-ақ ми ақ затының байланыстары нығайғаны анықталды. Бұл өзгерістер когнитивтік функциялардың айтарлықтай жақсарумен қатар жүрді.

Ал стандартты терапия қолданылған бақылау тобында мұндай нәтижелер тіркелген жоқ. Демек дәл физикалық және ойлау ойындарының үйлесімі оң өзгерістердің негізгі себебі болды.

Жаңа әдістеменің болашағы

Бұл зерттеу ойын түріндегі жаттығулардың миды қолдап қана қоймай, оның құрылымын өзгерте алатынын рандомизацияланған түрде алғаш рет дәлелдеді. Қазір әдіс Альцгеймер ауруының үдеуін баяулатудың әлеуетті құралы ретінде қарастырылуда.