Жаңалықтар

«Алтай мұрасы» Жазотыр ауылына жетті

Елтану
22.06.2016 12:20 4566

«Алтай мұрасы» экспедициясы Қосағаш ауданының Жазотыр ауылында да болып,  экспедиция мүшесі, академик Рахметқажы Берсімбаевтың туған жерінде рухани кездесулер мен академик оқыған орта мектепте халықпен жүздесулер ұйымдастырды.

«Алтай мұрасы» Жазотыр ауылына жетті

Жазотыр ауылында «Алтай мұрасы» экспедиция мүшелеріне арнайы салтанат құрған ақшаңқан киіз үй тігіліп, жылқы сойылды. Табиғаты керемет, тау бөкетеріндегі ауылда экспедиция құрамы екі күн бойы тұрақтап, тауға шығып, атқа мініп, серуенге басты. Ауыл етегіндегі өзенге шомылып, балық аулады.

Ертеңінде Жазотыр ауылындағы Мұқамедхан Берсімбаев атындағы орта мектепте ауыл тұрғындары, ұстаздар  мен оқушылар, «Алтай мұрасы» автоэкспедициясының мүшелері қатысқан рухани шара ұйымдастырылды. Мектеп залына жиналған халық ортасында Жазотырдың төл баласы, ҚР Ұлттық академиясының академигі, әлемге танымал ғалым Рахметқажы Берсімбаев сөз алып, балалық шағы өткен ауылды еске алды.

«Мен үлкен қуанышты сәтке кенеліп тұрмын. Менің Жазотыр ауылым, шағын ғана қазақы ортаның қаймағы бұзылмаған өңірі. Бұл ауылда менің балалығым өтіп, тау мен тасы, өзен мен көлінде албырт шағымның естелігі қалды. Әр азаматқа туған жер ыстық болады. Осы орайда Қазақстаннан келген «Алтай мұрасы» автоэкспедициясының сәті түсіп, Жазотыр халқымен жүздесіп отыр. Бұл дегеніміз үлкен тарихи естелік. Экспедицияның негізгі мақсаты елмен елді араластырып, мемлекетпен мемлекетті қарым-қатынасты байланысқа түсіріп отыр. Осындағы ағайын туысымызға қиын жағдай туып жатса, қол ұшымызды тигізу әрбір қазақтың парызы. Мемлекеттің дамуы жастардың қолында. Сол жастардың білім алуына, тәрбиесіне үлкен қызмет атқарып отырған Жазотыр орта мектебіне, өздеріңізге белгілі менің туған ағам Мұқамедхан Ескендірұлының атындағы мектепке көптеген кітаптар берілді. Ол кітаптар кішкене де болса, жастарға білім нәрін беріп, ой қабілеттерінің ары қарай дамуына септігін тигізеді. Міне, ойлап қарап отырсаңыздар, туған жеріме келіп, көп нәрсе айтуға болады. Ондай естеліктер айтатын болсам, бір күндік кездесуіміз жетпесі анық. Ең басты айтарымыз Алтайдағы елмен, халықпен кездесуге мүмкіндік жасаған Ерлан Бәтташұлы. Көп жылдар бойы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін басқарған уақытта Қосағаш пен Жазотыр жастарының, мұғалімдерінің білім біліктіліктерін арттыруға жағдай жасады. Бүгінде сол бағытта тыңғылықты жұмыстар атқаруға келу отырған жайы бар. Өздеріңіз көргендей, Жазотыр мектебінің мұғалімдері Ерлан Сыдықовты танып, қамқорын көргендеріне лебіздерін білдіріп отыр. Сондықтан ағайын туыс болып, жақсы әсерлі әңгімеге ортақтасқандарыңыз үшін, елдің сәлемін тыңдау үшін жиналғандарыңыз үшін өз басым қуанып отырмын»,-деді академик. 

«Алтай мұрасы» Жазотыр ауылына жетті

Шара барысында «Алтай мұрасы» автоэкспедициясының жетекшісі Ерлан Сыдықов М.Берсімбаев атындағы Жазотыр орта мектебінің оқушыларын Еуразия ұлттық университетіне оқуға шақырып, ұстаздардың біліктілігін арттыруға да жағдай жасайтынын айта кетті. Қосағаш ауданы Жазотыр орта мектебімен біздер бұрыннан әріптестік байланыс орнатқан болатынбыз. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетіне де бір кездері осындағы ұстаздарды шақырып, біліктіліктерін арттырған болатынбыз. Енді сол әріптестік байланысымызды одан ары қарай жалғастырып, жастардың елімізге келіп оқуына да жол ашамыз. Еліміздің болашағы жастар. Қосағаштың ауданының жастары қазірдің өзінде Ресей және Қазақстан қалаларында білім алып келе жатыр. Барлығына қазір шетел ашық, жағдай жасалған таланты адамдарыңыз болатын болса, бізде оларды оқытып, үлкен дәрежеге шығаруға, қол ұшымызды созуға әзірміз»,-деді Е. Бәтташұлы.

Мектепте өткен әсерлі кездесуден соңғ экспедиция мүшелері Жазотыр ауылын аралады. Алдымен ауыл іргесінде ашылған «Сайлюгем» мемлекеттік табиғи паркін орталық базасында болып, мемлекеттік парктың жұмыс тәжірибесін көріп, ғылыми қызметкерлерімен жүздесулер ұйымдастырды.  

«Алтай мұрасы» Жазотыр ауылына жетті

Жасотар қазақтарының көшпенді елдің ұрпағы екенін әрбір үйге бас сұққан сайын көз жеткізесіз. Үйлері ағаштан салынғанмен, іші толған ұлттық бұйымдар. Оюлы сырмақ пен қазақы нақышпен безендірілген қоржын, кебеже, жастықтарды көргенде құддыбір қазақтың ерте кездегі қарашаңырағына кіргендей әсерге қаласың. Солардың бірі Смағұлов Амантайдың қарашаңырағында экспдиция мүшелері болып, жекеменшік «Көшпенділер киіз үйі» этно-мәдени музейіне бас сұқты. Экспедиция мүшелері этно-музейді ашып, аудан халұына ғана емес, әлемнен келген туристерге ұлттық мәдениетімізді таныстырып отырған Музей басшысы Амантай Моңғолұлына алғыс білдіріп, ұлттық болмысымызды жаңғырта берулеріне тілектестік ниет білдірді.

«Алтай мұрасы» Жазотыр ауылына жетті

Кешке қарай жазотырлықтар ауыл мәдениет үйіне қарай ағылды. Мәдениет үйінде Қазақстаннан келген өнер қайраткерлері мен Қосағаш аудандық ұлттық-мәдени орталық қызметкерлерінің қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылды. Жиылған халықтың қарасы да көп болды. Шағын ғана ауылдық мәдениет үйіндегі концертті ауыл тұрғындары мен қонақтар көңілді қуанышпен қарсы алды. Қосағаштағы ұлттық-мәдени орталықтың «Мирас», «Керуен» секілді ансамбльдері құйқылжыта ән салып, Алтай, қазақ ұлттық әндерін орындады. «Аққу» бишілер тобы «Алтай», «Тотықұс», «Аққу», «Қазақ» билерін мың бұрала билеп, ұлттық мәдениетімізді жаңғыртқандай әсерге бөледі. Қазақстаннан келген ақындар Дәлеткерей Кәпұлы мен Серікзат Дүйсенғазин Қосағаштағы қазақтарға жырдан шашу шашса, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалидың өнеріне жазотырлықтар ерекше қуанды. Делебезелері қозып, халық әндерін құмарлана тыңдады. Гала концерт соңы ұлттық өнеріміз айтысқа ұласып, Дәулетерей Кәпұлы мен Серікзат Дүйсенғазин жазотыр төрінде айтысты. Не болса да, Жазотырдың абыройын көтеріп, халқының ықыласы мен пейілі жомарт тұрғындар екенін айқындап берген мерекелік концерт ел аузында қалатын думанға ұласты. Халықтың атамекенін сағынып, алыстағы Қазақстанға деген ыстық ықыластарын көздеріндегі жанардан ұққандай болдық. Осылайша шүй мекенінде үш күн қонақтаған автоэкспедиция тобы Артыбаш қаласына аттанды.


Алтынбек Құмырзақұлы

Алтай Республикасы, Беласу ауылы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға