Алтай Көлгінов елордалық кәсіпкерлермен кездесті
Нұр-Сұлтанда қала әкімі Алтай Көлгінов кәсіпкерлермен ашық диалог форматында кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz.
Іс-шараға «Атамекен» ҚР ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Батталов қатысты.
«Мұндай алаңдар бизнес үшін өте маңызды, өйткені олар мәселелерді шешім қабылдаушы тұлғалар деңгейінде жариялап қана қоймай, бұл мәселелерді әкімнің, прокурордың, мемлекеттік органдардың бақылауға алынғанына көз жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ашық диалог бизнесті де, мемлекеттік органдарды да тәртіпке келтіреді», - деді Райымбек Батталов.
Жиында кәсіпкерлер тарапынан бірқатар мәселе қозғалып, ортаға салынды. Атап өтсек, жер қатынастары, құрылыс және қаланы абаттандыру, жобаларды қаржыландыру, әлеуметтік сала және білім беру саласындағы мәселелер айтылды.
Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ететін кәсіпкерлер үкімет бекіткен бағаны көтеруді сұрап, дабыл қақты. Қымбатшылық белең алған кезде 449 теңгеге бір баланы толыққанды тамақтандыру мүмкін емес дейді. Мұндай бағадан шығынға ұшырайтынын айтқан кәсіпкерлер, астың құнын мың теңгеге көтеруді сұрап отыр.
Азық-түлікті тұрақтандыру үшін көтерме тарату орталықтарын салу керек деген инвесторлар үкіметтен қолдау күтеді.
«Бюджеттің ақшасын бөліп қажет емес. Инвесторлар өздері ақшасын салады. Бірақ ол үшін бірнеше мәселелерді шешіп беру керек. Атап айтқанда жер мәселесі, оған қажетті инфрақұрылымдарды жеткіз, қаржыландыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бағаларды тұрақтандыру, экспорт арналарын құру мәселелерін кешенді шешуге мүмкіндік беретін көтерме-тарату орталықтарын салғасын оған грантты тегін беру керек», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшесі, «Sainur Vip-Servis» ЖШС директоры Қайырлы Таукен.
Сондай-ақ кездесуде АЭА жер учаскелерін сатып алуға қатысты мәселелер көтерілді.
«Қазіргі кезде «Астана-Технополис» АЭА аумағында 5 цехтан тұратын интеграцияланған өндірістік кешен салу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жоба бойынша инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 22 млрд теңгені құрайды. Пайдалануға беру осы жылдың қазанына жоспарланған. Алайда «Астана-Технополис» АЭА қызметінің басым түрлерін кеңейту бөлігіндегі мәселе әлі күнге дейін шешілген жоқ. Компания өкілдері тізімді тағы бес қызмет түрімен толықтыруды ұсынды», - деді «Yda Group» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Хусейн Арслан.
Кәсіпкерлердің өтініштері мен ұсыныстарын тыңдаған қала әкімі бизнесті қолдау, жол картасы, қарапайым заттар экономикасы арқылы арнайы тізімді азық-түлік бағдарламасы бойынша жобаларды ұсыну үшін орталық мемлекеттік органдармен пысықтау қажет екенін айтты.
«Бизнесті, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың айтулы тетіктерінің бірі «Astana ӘКК» АҚ қызметі болып саналады. Түрлі бағдарламалар арқылы гранттар мен жеңілдетілген несиелер беріледі. Мәселен биыл жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 130-дан аса грант берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. ШОБ нысандарына инженерлік желілер жүргізу бойынша қолдау көрсетеміз, бизнес шығындарын азайту және қолдау үшін қажетті инфрақұрылым жасаймыз. Бүгінде «iQala» Қалалық қызметтер орталығы, инвесторларға арналған «Astana Invest» фронт-кеңсесі табысты жұмыс істеп жатыр», – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.