Альпинизм – ерлік емес, жоғары жауапкершілікті талап ететін спорт - альпинист Анар Бурашева
Әлеуметтік желіде альпинизм көбіне ерлік пен батылдықтың символы ретінде көрсетіледі. Ақ қар жамылған шың, жеңіс сәтіндегі ту, эмоцияға толы кадрлар. Алайда сол әдемі көріністің ар жағында қауіп, тәртіп, есеп пен жауапкершілік жатыр. Әлемдегі ең биік жеті шыңды бағындырған Орталық Азиядағы тұңғыш әйел – қазақстандық альпинист Анар Бурашева бұл спортты ешқашан қауіпін жасырып, әсірелемейді.
Мен үшін альпинизм – қандай да бір ерлік емес. Бұл – спорт, бұл – өмір салты. Мен оны өте жақсы көремін. Бірақ биіктік альпинизм – аса қауіпті спорт түрі екенін әрдайым ашық айту керек, – дейді альпинист.
Анардың айтуынша, биік таудағы қауіп тек физикалық әлсіздікке байланысты емес. Мұнда адамның төзімділігі, психологиялық дайындығы, тәжірибесі ғана емес, ең бастысы – табиғат факторына тәуелділік бар.
Биіктік альпинизм – физикалық және менталдық дайындықтың ғана емес, ең алдымен ауа райы мен табиғат стихиясының мәселесі. Таудағы қайғылы оқиғалардың басым бөлігі дәл осы ауа райының күрт өзгеруінен, катаклизмдерден, қар көшкіндерінен болады, – дейді ол.
Қателік – өлімге әкелуі мүмкін
Анар Бурашева жеті құрлықтың ең биік шыңдарын екі жыл ішінде бағындырды. Алайда оның айтуынша, осы экспедициялардың бірде-бірі «қауіпсіз» болған жоқ. Тек кейбір сәттер ғана өмірге нақты қатер төндірген.
Континенттердің ең биік нүктелеріне шығу кезінде өміріме тікелей қауіп төнді деген жағдайлар көп болған жоқ. Бірақ нақты, шынайы қауіпті мен Манаслу шыңында (8163 м) сезіндім. 2024 жылдың қазан айында Қазақстан экспедициясы құрамында шықтық. Ауа райы өте қолайсыз болды. Барлық арқандар қардың астында қалып, оларды табу мүмкін болмады, қатты жел көтерілді. Сол кезде жағдай шын мәнінде өте қауіпті еді, – деп еске алады ол.
Сол сәтте экспедиция жетекшісі, тәжірибелі альпинист Мақсұт Жұмаев 7400 метр биіктікте кері қайту туралы шешім қабылдаған. Бұл шешім – альпинизмдегі ең қиын, бірақ ең дұрыс шешімдердің бірі.
Биіктікте жіберілген бір ғана қате өлімге немесе ауыр жарақатқа алып келуі мүмкін. Таулар – қателікті кешірмейді, бұл жай сөз емес, бұл шындық, – дейді Анар.
Тәртіп – батылдықтан маңызды
Анар Бурашеваның айтуынша, альпинизмде жеке батылдық бірінші орында емес. Ең бастысы – тәртіп пен жағдайды дұрыс бағалау.
Альпинизм – командалық спорт. Мұнда дисциплина шешуші рөл атқарады. Жеке батылдық, мінез, эмоция – бәрі жақсы. Бірақ ең алдымен салқынқанды ойлау мен тәртіп керек. Себебі кез келген қате – қайғылы салдарға әкелуі мүмкін, – дейді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Категориялық маршруттарда белгілі бір ережелер бар. Олар жайдан-жай пайда болған жоқ. Бұл білім – қанмен жазылған. Егер «маршрутқа байлаулы түрде шығу керек» делінсе, бұл – өмірді сақтау үшін жазылған қағида, – деді.
Әйелдер үшін қауіп бар ма?
Анар Бурашева альпинизмде әйел меОның сөзінше, бұл спортқа келу – ұзақ әрі көп сатылы процесс. Өзінің тауға дайындығы 2014-2015 жылдардан басталған. Ал кәсіби альпинизмге ол тек 2020 жылы келген.
Менің өмірім – үздіксіз жаттығу. Ал үлкен шыңдарға шығу бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен трекинг, кейін акклиматизациялық шығулар, биіктікке біртіндеп үйрену, одан соң демалыс және тек содан кейін ғана шыңға тікелей шығу, – дейді альпинист.
«Инстаграмдағы әдемі сурет – қауіпті иллюзия»
Анарды алаңдататын басты мәселенің бірі – тауға дайындықсыз шығатын адамдардың көбеюі.
Алматы тауларында жүргенде адамдардың жеткілікті деңгейде жабдықталмағанын жиі көремін. Көпшілігі маршрутты толық зерттемейді, ауа райының өзгерісін ескермейді. Бұл – әлеуметтік желідегі әдемі картинаның салдары. Адамдар тауды тек сырттай көреді, ал оның ішкі қаупін түсінбейді, – дейді альпинист.
Оның айтуынша, альпинизм – тек физикалық күш емес, бұл – теориялық және практикалық білім.
Альпинистің сөзінше, ер адам мен әйел адам үшін де қауіп деңгейі бірдей.
Қауіп жынысқа байланысты емес. Десе де, әйелдер бұл спортқа анағұрлым жауапкершілікпен қарайтын шығар. Қазір технология дамыды, жабдықтар жақсарды, сондықтан альпинизм бұрынғыға қарағанда қауіпсіздеу. Бірақ бұл – қауіп жоқ деген сөз емес, – дейді ол.
«Әркім өз Эверестін табуы керек»
Альпинизм туралы айта отырып, Анар жастарды тауға шақыруды мақсат етпейді. Керісінше, ол әр адамның өз мүмкіндігін дұрыс бағалауына үндейді.
Таулар керемет. Бірақ әрқашан өз деңгейіңе сай маршрут таңдауға болады. Біздің Алматы таулары кез келген маршрутқа сай келеді. Егер альпинистік дайындық жеткіліксіз болса, қауіпсіз шағын маршруттардан баста. Мәселен Көкжайлау, Үлкен Алматы көлі, Жапон жолы. Онда альпинизм туралы теориялық білім қажет емес. Бірақ кез келген маршрутта базалық қауіпсіздік ережелерін білу керек: маршрут туралы ескерту, белгіленген уақытта жетпесең кері қайту, киім, су, тамақ қоры болуы қажет, – дейді ол.
Сөз соңында ол альпинизмнен тыс, өмірлік ұстанымымен бөлісті:
Мен қыздарға да, жігіттерге де бір ғана нәрсе айтарым – тауға шығу емес, қаншалықты мүмкін емес көрінсе де, қоғамдағы шектеулерге, әлеуметтік шекараларға қарамастан өз арманыңа жетуден қорықпа. Маған «әркімнің өз Эвересті бар» деген сөз қатты ұнайды. Бұл – менің өмірлік ұраным, – дейді альпинист Анар Бурашева.
Анар Бурашеваның әңгімесі альпинизмнің қауіптілігін еске салады. Таулар – табиғаттың қатал стихиясы, олар адамның қателігін кешірмейді. Әлеуметтік желідегі әдемі суреттердің артында өмір үшін нақты қауіп бар. Альпинизм – ойын емес, бұл спорт толық дайындықты, тәжірибе мен жауапкершілікті талап етеді.

