Жаңалықтар

Алматыны селден қорғайтын бөгеттер салынып жатыр

ТЖМ селді ұстап қалатын бөгеттер құрылысының барысы туралы ақпарат берді
Алматыны селден қорғайтын бөгеттер салынып жатыр
Фото: ҚР ТЖМ 21.01.2023 16:40 1271

ТЖМ Ақсай мен Аюсай шатқалдарында селді ұстап қалатын бөгеттер құрылысының барысы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын Қазселденқорғау және Алматы қаласы ТЖД басшылығы ұйымдастырды. Баспасөз турын өткізуге Алматы қаласының сел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоның нақты қызметімен таныстыру себеп болды.

Сел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұнда Үлкен Алматы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде селді ұстап қалатын екі бөгеттің құрылысы жүргізілуде. Осы өзендердің жоғары жағында 116 сел қауіпті учаскелер, 114 мұздық, 35 мұздақ-мұздық көлдер бар, оның 9-ының жарылыс қаупі бар.

Селді ұстап қалатын бөгеттер құрылысының жоспарлы аяқталу мерзімі 2023 жыл.

Өз кезегінде, аталған бөгеттердің құрылысы сел тасқынынан болатын қауіпті барынша азайтуға мүмкіндік беріп, Алматы қаласының Бостандық, Наурызбай, Алмалы аудандары мен Алматы облысы Қарасай ауданының шығыс бөлігінің халқын және объектілерін сенімді қорғауды қамтамасыз ететін болады.

Сонымен қатар, халықты сел қаупі туралы уақтылы хабардар ету үшін екі шатқалдың аумағында 51 дабыл құрылғысы орнатылды.

Алматы қаласы әкімдігінің белсенді қолдауымен соңғы жылдары алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін, Қазселденқорғау қажеттіліктері үшін жергілікті бюджет қаражатынан 2 экскаватор, 10 жылжымалы үй, өнімділігі жоғары 10 сорғы, 2000 метр сифон құбыры және бір жеңіл автокөлік сатып алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға