istockphoto.com

Алматылық жас блогер экочеллендж бастады

25.08.2025 02:20

Алматылық 20 жастағы блогер Дулат Нәбиев «Вирус» жобасын қолға алып, оның аясында «90 күн – таза қала үшін» атты экочеллендж бастады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қала әкімдігі атап өткендей, жас тұрғын өз бастамалары арқылы алматылықтарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырып, жастардың экосанасын қалыптастыруға және қала тазалығын сақтауға белсенді қатысуға ынталандырып жүр. Бұл жолы жас жігіт серіктестерімен бірге «Сайран» көлі жағалауындағы қоқыстарды жинады.

Алматыда жүргеніме бір жылдан аса уақыт болды. Бұған дейін Instagram-да басқа бағыттағы контентпен айналысатынмын. Кейін бауырым, онколог Данияр Жұматаевпен ақылдасып, бағытымызды өзгертуді ұйғардық. Сөйтіп экочелленджіміз басталды. Басты мақсатымыз – 90 күн ішінде елімізді қоқыстан тазарту әрі әлеуметтік желі арқылы жастарға дұрыс құндылықтарды, табиғат пен туған қалаға деген сүйіспеншілікті дарыту, – дейді блогер.

Дулат Нәбиев  бұл бастамасын маусым айында қолға алған. Ол кезде көшелерді тазалауға кіріскен.

Алғашқы күні небәрі он қап жинадық, тіпті қоқысты қалай дұрыс жинауды да білмедік. Алғашқы 5–10 күннің ішінде күніне 10 қаптан шығардық. Кейін бұл жұмыстарды Instagram мен TikTok-та жариялай бастадық. Қолдаушыларымыз көп бола қоймаса да, халықтың ықыласы бізге үлкен демеу берді. Бір күні кешкісін Сайранға бардық. Ол кезде саябақ ресми ашылмаған, шомылуға рұқсат жоқ еді. Бірақ адамдар арбуз жеп, қоқысын, жаялықтарын тастап кететін. Әдемі жасыл аймақтың қоқысқа толып кеткенін көріп, осы жерді тазалауға бекіндік. Челлендждің 13-күні Сайранды жинадық: әр 5–10 метр сайын 10–11 қап қоқыс шығатын. Волонтер тарту үшін әлеуметтік желіде үндеу жарияладым, алты адам қосылды. Содан бастап таңғы 5:00-де Сайранда жиналатын болдық. Күн сайын 30–40 қап қоқыс шығардық, – дейді ол.

Қазір оның командасында маркетолог, видеограф, SMM-маманы бар. Еріктілердің қатары да күн санап көбейіп келеді. Блогер әлеуметтік желілер арқылы жастарға экологиялық ой қалыптастыруға ерекше мән беріп отыр.

Осы уақыт ішінде төрт қалада болдым: Алматы, Шымкент, Жаркент, Жетісай. Алматыда бізге 30-ға жуық адам қосылды. Шымкентте 200-ден астам жас ерікті бірге шықты, Жаркентте – 150, Жетісайда – 100. Барлығы төрт қалада 400–500 еріктімен жұмыс істедік, – дейді жас жігіт.

Челлендж нәтижесінде блогер жастармен бірге Алматыны небәрі 28 күнде тазартты. Кейін Шымкентте екі апта еңбек етіп, одан соң Жаркент пен Жетісайға барған.

Бастапқы мақсатымыз Алматыны 90 күнде тазалау болатын. Бірақ «Вирус» жобасы жай ғана қоқыс жинаудан әлдеқайда ауқымды бастамаға айналды. Ең бастысы – көптеген адамға тазалық мәдениетін дарыта алдық деп ойлаймын, – деп қорытындылады Дулат Нәбиев.