Жаңалықтар

Алматылық соғыс ардагері Жеңіс күні 101 жасқа толды

Алматылық соғыс ардагері Жеңіс күні 101 жасқа толды
Фото: Қорғаныс министрлігі 09.05.2024 21:07 858

Алматылық соғыс ардагері 9 мамырда қос мерекені тойлады. Ольга Савенко Жеңіс күнінде 101 жасқа толды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бостандық ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері соғыс ардагерін қос мерекемен құттықтады.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Ольга Савенко 1923 жылы 9 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Ол 7 сыныптық мектепті бітіріп, Ленинградтағы әскери байланыс училищесінде оқыды. 1941 жылы қыркүйекте 18 жасында майданға аттанған.  

1-ші Беларусь майданы 109-шы жеке байланыс полкінің құрамында Берлинге дейін жетті. 1945 жылы қарашада соғыстан оралды. Ардагер әскердегі еңбегі үшін I дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Жауынгерлік еңбегі үшін" медалімен және басқа да наградалармен марапатталды.

Соғыс аяқталғаннан кейін Ольга Савенко туған қаласына оралып, тұрмыс құрды. Күйеуімен бірге екі қыз тәрбиелеп өсірді. Соғыс ардагері Алматы телеграфында шамамен 57 жыл жұмыс істеді. Ол 73 жасында зейнетке шықты.

Қазір ардагер қызымен бірге тұрады. Ольга Савенко соғыс ауыртпалықтарын қинала еске алады.

Сол сұрапыл соғыста қаза тапқан және аман қалған адамдарды ұмытпауымыз керек, – деді ол.

Әскери қызметшілермен әңгіме соңында ардагер оларға көрсеткен ілтипаты үшін алғысын білдіріп, бейбітшілік, ынтымақ және амандық тіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға