Жаңалықтар

Алматылық оқушы су тасқынына қолдау көрсеткені үшін Президент марапатын алды

Алматылық оқушы су тасқынына қолдау көрсеткені үшін Президент марапатын алды
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі 30.05.2024 08:32 11813
Алматы әкімі Ерболат Досаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ақмола облысындағы су тасқынынан зардап шеккен жандарға көмек көрсеткені үшін 3-сынып оқушысы Дәулен Бауыржанұлына алғыс хат табыс етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Қазақстан Президенті 9 жастағы Дәуленнің игі ісін жоғары бағалап, оның әрекетін нағыз отаншылдықтың үлгісі деп атады. Қасым-Жомарт Тоқаев алғыс хатында баланың бойына асыл қасиет дарытқан ата-анасы мен ұстаздарына ризашылығын білдірді.
 
Президент Дәулен сияқты ақылды әрі зерек балалар бар елдің болашағы жарқын екенін ерекше атап өтті.
Алматы қ. Ш. Уәлиханов атындағы №12 гимназияның 3-сынып оқушысы Дәулен Бауыржанұлы зияткерлік олимпиадада жеңісі үшін берілген бонустарын жинаған.
 
Әлеуметтік желілерде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың суретін көріп, ойланбастан көмектесуге шешім қабылдап, жиналған 25 мың теңгесін арнайы қорға жіберген.
Елімізде болып жатқан табиғи апат туралы естіп, көмектескім келді. Мен жиналған барлық ақшаны көмек ретінде жіберуді шештім. Алдымен мұны ата-анама айтып едім, олар менің бұл ойымды бірден қолдады, - деді Дәулен.
Дәуленнің мұғалімі Сағадат Жұбанышбекованың айтуынша, сабақты үздік оқиды, математика, информатика, жаратылыстану ғылымдарын жақсы көреді. Бірнеше рет «Алтын сақа», «Кенгуру», «Ақбота» олимпиадаларының жеңімпазы атанған.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға