Жаңалықтар

Алматылық дәрігерлер 7 айлық баланың миына күрделі ота жасады

Алматылық дәрігерлер 7 айлық баланың миына күрделі ота жасады
Фото: ©El.kz 05.08.2023 21:30 1018

Алматы қалалық №2 балалар клиникалық ауруханасында әлемдік деңгейде ота жасалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кішкентай пациент Павлодар қаласынан келген.

Балаға ауыр диагноз қойылған. Мамандардың айтуынша, мұндай ота елімізде екінші рет жасалып отыр. Алғашқысы Германиядан келген профессор Ульрих Томаленің қатысуымен өткізілген шеберлік сағаты аясында жүргізілген. Қазіргі уақытта №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында нейрохирургтар 4 дербес ота жасады. Барлық операциялар сәтті өтіп, оң нәтижемен аяқталған.

Ота біздің эпилептолог дәрігерлеріміздің қатаң ұсынымдары бойынша жүргізілді. Ота жасаған Яна Акчурина, Жасұлан Өтебековтер өз шеберліктерін танытты. Бұл ота эпилепсия диагнозы қойылған кез келген адамға жасалмайды. Бұл - аз инвазивті хирургия. Ауруханамыз заманға сай, жаңа технологиямен жабдықталған. Соның арқасында ота сәтті шықты. Заманауи нейронавигациялық жүйенің «Augmented reality» деп аталатын құрылғысымен қамтамасыз еткен басшылыққа рахмет. Дегенмен ота жасаудың өзі оңай болған жоқ, себебі баланың басы кішкентай, біз ота жасайтын бөліктің іші өте тар болды. Ал біз патологиялық импульстердің берілуін тоқтату үшін "ауру" жарты шарды екінші жарты шардың "сау" жолдарынан өткіздік. Алдағы уақытта баланың денсаулығы жақсы болады деген сенімдеміз, - дейді № 2 МКҚК нейрохирургі Азамат Жайылғанов.

Ал Хамзаның анасы ұлының бір күнде 50 рет ұстамасы ұстайтын кездері болғанын айтты. Ол тек оянып, көзін ашып, бірер сәтте кейін ұйықтап қала беретін болған. 

Сәбиімнің мұндай халін көру ауыр болды. Сондықтан өзімді қолға алып, оған ота жасатуға бел будым. Дәрігерлер алып кетіп бара жатқанда да қорқып, қасында отыруды сұрадым. Жансақтау бөлімінен шығарғанда, көз ілмей қарап отырдым. Қазір денсаулығы жақсы. Біз бұған дейін Францияға өтініш білдірген едік. Дегенмен, бұндай отаның құны 50 мың еуро тұрады екен. Қазақстанда ота №2 МКҚК жағдайында МӘМС аясында тегін жасалды, - деді баланың анасы Әйгерім Егеубай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға