Алматыға «Реал Мадрид» келеді: қалада пәтер бағасы күрт өсуі мүмкін
Алматы «Реал Мадридті» қарсы алуға дайындалып жатыр. Айтулы оқиға қарсаңында қалада пәтерлердің тәуліктік жалдау ақысы да қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы LS басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
«Корольдік» клубтың Чемпиондар лигасы аясында Алматыға қонаққа келуі сырттан келетін жанкүйерлер арасында тұрғын үйге деген сұранысты арттыратыны анық.
Риелторлардың болжамы
Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Александр Пактың айтуынша, баға бірнеше есе өсуі әбден мүмкін:
2015 жылы Таразда Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығын атап өткенде, пәтерлерді сегіз-он есе қымбатқа жалға бергенін еске түсіріңіздер. Алматы Тараз емес, бірақ баға үш есеге дейін көтерілуі әбден мүмкін, – дейді ол.
Қазір қаладағы ең төменгі тәуліктік жалдау ақысы шамамен 25 мың теңге.
Ал Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының төрағасы Ермек Мүсіреповтің пікірінше, баға өседі, бірақ күрт емес:
Қала орталығында жалдау ақысы 10-20%-ға қымбаттауы мүмкін. Орташа есеппен пәтерлер күніне 15-тен 35 мың теңгеге дейін болады. Бірақ матч аяқталысымен, нарық қайта тынышталып, бұрынғы деңгейіне оралады, – деді ол.
Сонымен қатар қыркүйекте Алматыда тағы бір үлкен оқиға өтпек – Backstreet Boys концерті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сол күндері тұрғын үйге сұраныс ұсыныстан асып кетуі ықтимал.
Сарапшылардың айтуынша, ұзақ мерзімді жалдауға «Реалдың» келуі де, концерттер де әсер етпейді. Ал қала маңындағы Талғар немесе Қонаев сияқты өңірлерде баға өзгеріссіз қалады.
Алматы қонақтарына алдын ала пәтер броньдап қоюға кеңес беріледі: матчқа жақындаған сайын бос пәтер табу футболға билет алудан да қиын болуы мүмкін.
Еске сала кетейік, алматылық «Қайрат» тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты.

