Алматыға 5 мыңнан астам шетелдік турист келді: олар қанша қаражат жұмсайды
26-29 қыркүйек аралығында Алматыда өткен «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының аясында қалаға 5 мыңнан астам шетелдік қонақ келді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы 30 қыркүйекте e-Qonaq ақпараттық жүйесінің деректеріне сүйене отырып қалалық туризм басқармасы мәлімдеді. Қазақстанның өзге өңірлерінен келген жанкүйерлерді қосқанда, Алматыға жиналғандардың жалпы саны ондаған мың адамды құрады.
Негізгі туристер легі Қытай, Үндістан, Ресей, Қазақстанның басқа аймақтарынан, сондай-ақ Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия, ТМД елдері мен өзге де Еуропа мемлекеттерінен келген.
Матч өткізудің экономикалық әсері айтарлықтай деп бағалануда.
«Mastercard» компаниясының деректеріне сүйенсек, Алматыға келген шетелдік туристің орташа шығыны шамамен 1 500 АҚШ долларын құрайды. Қонақтардың шығыстарына қонақүй, тамақтану, көлік, ойын-сауық және сауда-саттық кіреді. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына тікелей ықпал етіп, қызмет көрсету саласын жандандырады әрі қаланың экономикасына мультипликативті әсер береді, – деп атап өтті басқармада.

