Жаңалықтар

Алматыдағы тауда жасанды қар көшкіні жүргізілді

Жасанды көшкін кезінде көлемі 1 мың текше метр қар массасы тау етегіне түсті.
Алматыдағы тауда жасанды қар көшкіні жүргізілді
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі 24.11.2022 19:08 952

Алматыда қар көшкінін профилактикалық түсіру жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы қалалық ТДЖ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Тұрғындар мен туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндерінде көшкіндердің өздігінен түсуіне байланысты 24 қарашада «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты аумағында қар түсіру жұмыстары жүргізілді», делінген хабарламада.

Жасанды көшкін кезінде көлемі 1 мың текше метр қар массасы тау етегіне түсті. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде «Шымбұлақ» демалушыларының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді

Департамент таратқан мәліметке сәйкес, Алматының таулы аймағында қар көшкіні қаупі бар 165 учаске бар, оның ішінде қала тұрғындары мен туристері үшін ең үлкен қауіптілері - «Медеу», «Шымбұлақ» ТШК және Үлкен Алматы көлі ауданында орналасқан 18 учаске.

«Қазгидромет» РМК және «Қазселденқорғау»ММ бекеттері қар көшкіні жағдайына тұрақты мониторинг жүргізеді. Шұғыл шараларға «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық пайдалану-техникалық басқармасының базасында авариялық-механикаландырылған бригада құрылып, тұрақты дайындыққа кіріседі»,- деп атап өтті ведомстводан.

Сонымен қатар, таулы аудандарда жауын-шашынның түсуі және қар жамылғысының тұрақсыз жағдайы салдарынан қар көшкінінің өздігінен түсуі мүмкін.

Осыған байланысты, Алматы қаласы ТЖД қар көшкінінің ықтимал еруіне байланысты тік қарлы беткейлерге шығуға тиым салады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға