Жаңалықтар

Алматыдағы тау бөктерінде 54 заңсыз объект анықталды - Антикор

Алматыдағы тау бөктерінде 54 заңсыз объект анықталды - Антикор
Фото: Антикор 26.04.2024 15:43 1012

Антикор Қоғамдық кеңесінің отырысында Алматы қаласының тау бөктеріндегі құрылыстың проблемалық мәселелері қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Ағымдағы жылдың 26 сәуірінде Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Іс-шараға Агенттіктің Төрағасы Асхат Жұмағали, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, су ресурстары, экология, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылық құрамы және т.б. қатысты.

Іс-шараның модераторы Парламент Мәжілісінің депутаты, Қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Башимов болды.

Күн тәртібінде Агенттіктің 2023 жылы әкімдікпен бірлесіп өткізген Алматы қаласының тау бөктеріндегі құрылыс саласындағы жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындылары бойынша ұсынымдарды іске асыру мәселесі қаралды.

Агенттік Төрағасы кіріспе сөзінде талдау қорытындысы бойынша анықталған негізгі жемқорлық тәуекелдері туралы айтып, олардың орындалуы ерекше бақылауда екенін атап өтті.

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Алматы қаласын дамытуға, оңтүстік астананың жайлы қалалық ортасын құруға ерекше көңіл бөледі. Ел Президенті қаланың нүктелік құрылыс тәжірибесін жою қажеттігін бірнеше рет атап өтті, ал құрылыс кезінде оның тұрғындарының мүдделерін міндетті түрде ескеру қажет», – деп атап өтті Антикор басшысы.

Осыған байланысты, отырыс барысында жауапты орындаушылар тарапынан ұсыныстарды орындаудың сапасы мен уақыттылығына, формализмді жоюға ерекше назар аударылды.

Іс-шара аясында баяндамашылар жүргізілген жұмыстың нәтижелерін айтты.

Мәселен, Алматы қаласының жаңа Бас жоспары әзірленіп, бекітілді, онда табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға ұшыраған аумақтар ескерілді.

Тұрғын аймақтан 229 га жер рекреациялық аймаққа қайтарылды, сібір жарасы бар жер учаскесі мемлекеттік меншікке берілді, барлық су объектілеріне түгендеу жүргізілді.

Тау бөктерінде анықталған 54 заңсыз объект бойынша мемлекет пайдасына 36 сот актісі шешілді, оның 30-ы заңды күшіне енді, 2 заңсыз объект бұзылды, тағы 3-і бұзуды күтуде.

Сонымен қатар, Парламент Мәжілісінде бірқатар заң жобалары қаралуда, онда Агенттіктің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының жауапкершілігін күшейту, ТЖМ-ге қала құрылысы жобаларын келісу, жекелеген құрылыс ұғымдарын регламенттеу және т.б. өкілеттіктер беру жөніндегі ұсынымдары ескерілген.

Қорытындылай келе, Агенттік Төрағасы қаралған мәселенің маңыздылығын атап өтіп, бірінші кезекте мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігіне баса назар аудару қажеттігін айтты.

Бұл алаң кездейсоқ таңдалған жоқ, себебі талқыланып отырған мәселе қала жұртшылығы үнемі назарында және әрбір тұрғын бұл үшін алаңдайды, бұл халықты осы бағыттағы мемлекет жүргізіп жатқан жұмыс туралы хабардар етуді талап етеді», - деп атап өтті Антикор басшысы.

Іс-шара соңында жауапты орындаушыларға жоспарланған іс-шараларды қысқа мерзімде аяқтау үшін толық шаралар қабылдау бойынша нақты ұсыныстар берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға