Жаңалықтар

Алматыдағы әскери-техникалық мектептің курсанттары әскери ант берді

Алматыдағы әскери-техникалық мектептің курсанттары әскери ант берді
Фото: Қорғаныс министрлігі 26.08.2023 20:05 1094

Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебі Алматы филиалының 164 курсанты әскери ант берді.

Білім беру мекемесінің аумағында өткен салтанатты рәсімге түлектердің ата-аналары, Қарулы күштердің ардагерлері қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

 – Бізге білім берген Әскери-техникалық мектептің оқытушылар құрамына кәсібилігі мен шыдамдылығы үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл жерден үйренгенім көп. Болашақта өз тағдырымды әскери қызметпен байланыстыруды жоспарлап отырмын, – дейді әскери-техникалық мектепті бітіруші Сұлтанмұрат Ғасыр.

Салтанатты ант беру рәсіміне қатысқан курсанттардың туыстары мен жақындары үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетті.

Алматы білім беру мекемесінде Әскери-техникалық мектептің өзге филиалдарымен салыстырғанда әскери мамандарды көбірек дайындауға мүмкіндік барын айта кету керек. Жақында мұнда тылдық және техникалық қамтамасыз ету бейіні бойынша оқыту бағдарламасы қабылданды. Бұл дегеніміз әскери техникаға қызмет көрсету мен жөндеуге, далалық жағдайда тамақтандыруды, заттай қамтамасыз етуді және монша-кір жууды ұйымдастыруға байланысты 10-нан астам мамандық.

Мектепке түсу кезінде балалар жас жауынгер курсынан өтеді. Онда олар тактикалық, физикалық және атыс дайындығына машықтанады. Автоматты бөлшектеу мен жинауға үйреніп, әскери тәртіптің негіздерін игеріп шығады.

Бүгінгі түлектердің арасында «газ-электр дәнекерлеуші» мамандығы бойынша оқыған балалар бар. Олар әскер қатарында ғана емес, экономиканың нақты секторында да сұранысқа ие. Бұл бағдарлама Қазақстан Президентінің жастарды жұмыспен қамту туралы тапсырмасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылып отыр

– Бұл пилоттық жоба. Қазіргі таңда бұл мамандық бойынша 30 бала дайындалды. Жастардың сертификаттары бар, енді олар әскери билет алады, – дейді Әскери-техникалық мектеп Алматы филиалының директоры полковник Мирас Жылгелдин.

Жыл басынан бері бұл жерде 652 жас оқып шыққанын айта кету керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға