Алматыда жаңа велосипед жолағы пайда болды
Жаңа велосипед жолағы Манас көшесінің батыс жағынан Сәтбаев көшесінен Абай даңғылына дейін жасалған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық әкімдігінің мәліметінше, тағы Манас көшесі бойымен Шевченко көшесінен Абай даңғылына дейін ені 3 метр және ұзындығы 400 метрге жуық велосипед жолы салынды, көше бойында тұрақ орындары ұйымдастырылды.
Осылайша, Шевченко мен Сәтбаев көшелерінде орналасқан велосипед жолақтары өзара байланысты.
Жаңа велосипед жолақтарын жайластыру велосипедшілердің оқшауланған велосипед жолақтарымен қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге және жол қозғалысында келеңсіз жағдайларды болдырмауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін аталған жол учаскесінде қосымша жол белгілері орнатылады.
Жалпы, ағымдағы жылы қала бойынша 3 км вело инфрақұрылым жабдықталған. Бұл бағыттағы жұмыстар Алматының даму жоспары аясында Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша жалғасатын болады.