Алматыда қыздарды тұншықтырып, тонаған күдікті ұсталды
Алматыда полицейлер қыздарды тұншықтырып, тонаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алмалы аудандық полициясының хабарлауынша, еш жерде жұмыс істемейтін 20 жастағы азамат қылмысын тек түнгі уақытта жасаған. Жолда жалғыз келе жатқан қыздарға жақындап, артынан тұншықтырып, содан кейін барлық бағалы заттарын алып кетіп отырған.
– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 20 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта тонау бойынша үш деректі анықтадық. Бір эпизод бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Қыздар төтеп бере алмайтын жағдайға жеткен кезде, ол барлық құнды заттарды: ұялы телефондарды, ақшаны алып, қараңғы көшелерде тығылып қалды. Сондай-ақ, қаскөй жәбірленушіден тартып алған ақшамен дүкенде төлем жасап жатқан дерек те тіркелді. Жас жігіт өз ісін мойындады. Қазір күдіктінің жеке басы қала аумағында осыған ұқсас, бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғына тексерілуде. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Алмалы аудандық Полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.