Алматыда тауда аяғынан жарақат алған туристке құтқарушылар көмек көрсетті
Алматыда құтқарушылар тауда аяғын жарақаттап алған жігітті эвакуациялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бүгін Алматы қаласының Медеу ауданы аумағындағы Көк Жайлау шатқалында жас жігіт аяғын жарақаттап, өз бетінше жүре алмай қалғаны туралы хабарлама келіп түскен. ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағы оқиға орнына аттанғанын мәлімдеп, құтқарушылар Ақбұлақ (Просвещенец) ауданынан Көк Жайлауға жаяу бағыт алған. Олар зардап шеккен азаматқа жетіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Аяғын қайырып алған 2004 ж.т. азаматты құтқарушылар БАО постына қарай тасымалдап, жедел жәрдем бригадасына тапсырды.
Бұл ретте ТЖМ ел тұрғындарына ескерту жариялап, таулы жерлерде серуендеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауды қаперге салады. Сондай-ақ, ыңғайлы аяқ киім киіңіз және ауа райын алдын ала қадағалау да аса маңызды.

