Алматыда тау бөктеріндегі ірі құрылыс алаңы сүріліп жатыр
Алматы тау бөктеріндегі ірі құрылыс алаңы сот шешімімен сүріліп жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қала құрылысы басқармасындағылар «Жаңару» 556 ӨК-де блокты тұрғын үйлер бұзылатынын мәлімдеді. Үй құрылысы басталғанға дейін меншік иесіне (жеке тұлғаға) қатысты тау етегін кесіп, тірек қабырғасын заңсыз салғаны үшін нұсқама берілген екен. Кейіннен мәжбүрлеп орындау туралы талап-арызбен әкімшілік шара қолданылған. Кейін қолдағы рұқсат құжаттарына сәйкес меншік иесі бау-бақша үйлерін салуға кірісіп, екі блокты тұрғын үй салған. Құрылыс аяқталған соң меншік иесі нысанды бау-бақша үйі ретінде өз бетімен пайдалануға берген, бірақ бұл келісілген эскиздік жобаға сәйкес келмеген.
Басқарма меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданып, 2024 жылы 16 мамырда Алматы қаласы Бостандық аудандық сотына бастапқы құжаттарды жою және нысандарды бұзу туралы талап арыз берді. Сот істері аяқталғаннан кейін 2025 жылы 20 мамырда меншік иесінің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмай, бұзу туралы шешім заңды күшіне енді. Нысанды бұзу бүгін Алматы қаласы Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен басталды,-делінген мәліметте.

