Жаңалықтар

Алматыда сусыз қалған бірнеше тұрғынүйдің құбыр жүйесі қалпына келтірілді

Алматыда сусыз қалған бірнеше тұрғынүйдің құбыр жүйесі қалпына келтірілді
29.07.2023 13:55 891

Алматыда Медеу ауданының бірнеше ТҮК-де су беру қалпына келтірілді, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, таудағы нөсер жаңбырдың салдарынан судың лайлану деңгейі өзгерген жоқ. Бұл сүзгі станциясында су тазарту үдерісін бастауды қиындатып отыр. 

Алайда Медеу ауданының оңтүстік бөлігінде сумен жабдықтау жүйесін қалпына келтірудің арқасында жер асты көздерінен қосымша тіршілік нәрін алып, кесте бойынша су беруді тоқтатпауға мүмкіндік туған. 

«Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешенінің батысында орналасқан «Трамплиндер» сорғы станциясын іске қосу нәтижесінде «Есентай» ТҮК, «Таушатыр» ТҮК, «Ақбота» ТҮК және Медеу ауданының бірнеше тұрғын үй кешенін сумен қамтуды қалпына келтіруге жол ашылды.

Сүзгі станциясы арқылы тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін лайлылық деңгейі 30-40 мг/дм3 дейін төмендеуі керек. Қазіргі ол 148-300 мг/дм3 аралығында. Суға сағат сайын зертханалық зерттеу жүргізілуде. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға