Ғылым және жоғары білім министрлігі

Алматыда студенттерге арналған дағдарыс орталығы ашылды

21.08.2025 02:30

Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен мегапоисте студенттерге арналған дағдарыс орталығының ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жаңа орталықтың миссиясы – қиын өмірлік жағдайға тап болған студенттерге жедел әрі қауіпсіз уақытша баспана, әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу және құқықтық-кеңестік қолдау ұсыну. Ғимаратта тұрмыстық жағдайы реттелген бөлмелер, тынығу және оқу аймақтары, медициналық кабинеттер  қарастырылған. 50 орынға арналған орталық М.Тынышпаев атындағы ALT университетінің базасында орналасқан.

Нысанның ашылу салтанатына Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан қатысты. 

Бұл орталық – жастарды қолдаудың жедел форматы. Мұнда әрбір студент өзіне қажетті көмекті уақыт жоғалтпай алады. Біздің мақсатымыз – білім алушының оқуын үздірмей, өзін қауіпсіз сезінетін кеңістік қалыптастыру және оны өмірдегі қиын кезеңнен бірге өткізу. Алматыдағы жаңа Дағдарыс орталығы жастарды кешенді қолдау саясатының нақты қадамына айналды, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көмек көрсету барысында құпиялық пен этикалық нормалар сақталып, әр өтініш берушіге жеке жағдайына сай шешім ұсынылады. Сондай-ақ жастардың құқықтық сауатын арттыруға арналған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қаладағы жоғары оқу орындары үшін ортақ байланыс тетіктері айқындалған.