Жаңалықтар

Алматыда студенттер арасында қазақ тілінен байқау өтті

Алматыда студенттер арасында қазақ тілінен байқау өтті
22.04.2019 00:00 3864

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ана тілінің мәртебесін көтеріп, оның қолдану аясын арттыруға арналған аймақтық білім сайысы өтті. «Менің Отанымның мемлекеттік тілі» тақырыбында өткен олимпиадаға Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарында білім алатын өзге ұлт өкілдерінің студенттері қатысып, бақ сынасты.

Шараны ұйымдастырушы Қыздар университетінің Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Тыныштық Ермекованың мәліметі бойынша, қатысушылардың барлығы өзге ұлт өкілдері.

«Қазақ тіліне шорқақ студенттерді іріктеп алуымыз бекер емес. Осы арқылы олардың қазақ тілі бойынша танымдық қабілетін дамытып, мемлекеттік тілді меңгеруіне ықпал етуді көздейміз. Олимпиада өскелең ұрпақты елжанды һәм ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие беруде зор үлес қосады деп сенеміз», – дейді Т. Ермекова.

Жарыстың ашылу рәсімінде Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің деканы Жанар Қиынова сөз сөйлеп, білім додасы университет қабырғасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар жоғары оқу орындары студенттері арасында «Қазақ тілі» пәнінен өткен олимпиаданың биылғы жеңімпазы Камеля Карпович те өз тілегін арнады. «Көкірек көзімен түйсіне білген жанға тіл – достықтың кілті, ынтымақтың ұйытқысы, ырыс-берекенің нышаны. Бірлігі бекем, тірлігі тату Қазақ елінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып», өмір сүруде. Менің ойымша, осы елде тұрған әрбір азамат қазақ тіліне зор құрмет көрсетуі тиіс. Оны күнделікті қарым-қатынаста қолдану қажет. Өз қатарластарымды осыған шақырамын», – деп атап өтті жеңімпаз.

Қазақ тілін терең меңгерген, сөзге шешен, танымы биік 7 топтың мүшелері төрт кезең бойынша сынға түсті. Қатысушылар «Сәлем – сөздің анасы» атты алғашқы айналымда өздерін таныстырды. Онда студенттердің сөйлеу мәнеріне басымдық берілді. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» атты екінші кезеңде сайыскерлер әр ұяшықта жасырылған лексикалық, грамматикалық сұрақтарға жауап беріп, практикалық тапсырмаларды орындап, білім деңгейлерін сарапқа салды. Ал үшінші турда студенттердің интеллектуалдық әлеуеті бағамдалды. «Қазақ тілі» пәнінен теориялық білімдері мен танымдық деңгейлерін анықтау мақсатында арнайы даярланған тақырыптар топтамасының ішінен таңдалған тақырып бойынша эссе байқауы «Ұшқыр қалам» атты соңғы кезеңде ұйымдастырылды.

Ұсынылған тақырыптардың дені туған жер, «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы басым бағыттар мен ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты болды.

Тартысты өткен олимпиада қорытындысы бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Абай» тобы өзгелерден оқ бойы озып шығып, жеңімпаз атанды.

Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға