Алматыда Спасская көшесі бойында көлік қозғалысы шектеледі
2024 жылдың 20 маусымы мен 15 қыркүйегі аралығында Алматы қаласының Түрксіб ауданында Спасская көшесінің бойымен Бекмаханов көшесінен бастап Урицкий көшесі арқылы өте отырып, Воровский көшесіне дейінгі аумақта автокөлік құралдары үшін қозғалыс шектеледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, екі бағытта да көлік қозғалысы жабылады.
Уақытша шектеулер 1983 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан жалпы ұзындығы 1804,6 метр болатын, аталған көше бөлігінің көлік жолы бөлігінің астынан өтетін құбырды жаңғырту учаскесінде жоспарлы жұмыстарды жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізілмек.
Бұл құбыр 22 көппәтерлі тұрғын үйді, 1 балабақша мен 1 білім беру нысанын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Жаңғырту жұмыстары кезеңінде аталған тұтынушылар ыстық сумен бұрынғысынша үздіксіз қамтамасыз ете берілетін болады.
Еске сала кетейік, қозғалысты шектеуге қатысты барлық ақпарат Almaty.kz сайтында, @AlmatyJoly Telegram арнасында, аудан әкімдіктері мен басқармаларының әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ «2GIS» және «Яндекс карталары» сервистерінде жарияланып отырады.
Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды және бұл аумақты айналып өту жолдарын алдын ала қарастыруларыңызды сұраймыз.