Жаңалықтар

Алматыда сотталған азаматтар Абай күнін атап өтті

Алматыда сотталған азаматтар Абай күнін атап өтті
Фото: © Polisia.kz 10.08.2023 14:44 923

Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №13 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар 10 тамыз – Абай күнін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлы ақын күніне арналған “Абайды сүй, адам бол” атты іс-шарада сотталғандар Абай өлеңдеріне ерекше назар аударып, Абай оқыған кітаптармен, ақынның қоғамдық қызметімен және Абай дәуірін суреттейтін сирек кездесетін өлкетану басылымдарымен танысты.

Сонымен қатар аталған мерекені ұйымдастырушы сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің жасақ бастықтары сотталғандар арасында Абай өлеңдерін оқудан сайыс өткізді.

Қылмыс жасап жазаға тартылғандарға Абай атамыздың өлеңдеріндегі өсиет үлкен ой салды. Сайыс барысында олар әсіресе Абайдың “Ғылым таппай мақтанба” деген өлеңін нақышына келтіріп оқып қана қоймай, ақынның “Өсек, өтірік, мақтаншақ. Еріншек, бекер мал шашпақ. Бес дұшпаның білсеңіз” деген өсиетін өзара талқылап, пікір алмасты. Ғұлама ақынның адамға ой салар өлеңдері сотталғандардың болашақта адал еңбекпен өмір сүруге деген құштарлығын арттыра түсетіні анық, – дейді жасақ бастығы А.Шакирбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға