Денсаулық сақтау министрлігі

Алматыда шала туған нәрестеге ота сәтті жасалды

Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының дәрігерлері өздігінен дем ала алмайтын шала туған нәрестеге ота жасады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Сәби 34 апта ішінде 1720 грамм салмақпен дүниеге келген. Орталыққа жатқызу кезінде пациентке бірқатар зерттеулер жүргізілген. Бастың компьютерлік томографиясын жасау кезінде Хоанның туа біткен екі жақты артрезиясы анықталған. 

Балалар ЛОР дәрігері Серік Нұрмағанов пен Бақыт Алданьярова, неонаталдық анестезиологтар мен реаниматологтар құрамы  Алматы қаласының №5 қалалық клиникалық ауруханасының әріптестерімен бірлесіп, балаға оң жақта сүйек, ал сол жақта мембраналық тінмен жабылған хоан (артқы мұрын тесіктері) өтімділігін қалпына келтіру бойынша шұғыл операция жасады. 

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, операциядан кейін пациент оттегісіз толық кеудесімен өздігінен дем ала бастаған. 

Хоан атрезиясы - мұрын жолдары толығымен немесе ішінара бітеліп, мұрын арқылы өздігінен тыныс алу мүмкін болмайтын туа біткен жағдай. Бұл патология әсіресе жаңа туған нәрестелерде қауіпті, өйткені олар физиологиялық тұрғыдан негізінен мұрынмен тыныс алады.

Хоанның туа біткен атрезиясы өте сирек, шамамен 7000 жаңа туған нәрестенің 1-інде кездеседі. Қазіргі уақытта нәресте үйде, хоан тесігі толық қалыптасқанға дейін ЛОР дәрігерлерінің бақылауында болады.