Жаңалықтар

Алматыда Құддыс Қожамияров атындағы музыкалық комедия театрының мерейтойы басталды

Алматыда Құддыс Қожамияров атындағы музыкалық комедия театрының мерейтойы басталды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 17.06.2024 22:47 316

Құддыс Қожамияров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры 90 жылдық мерейтойын атап өтіліп жатыр, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Алматыда Құддыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының 90 жылдығына орай, музыкалық қойылымдардың І театр фестивалі басталды.

17-21 маусым аралығында театр сахнасында Қазақстанның бес театрының әртістері өнер көрсетеді, олардың арасында М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Республикалық мемлекеттік академиялық корей театры, «Жаңа ғасыр» театры және «Алатау» дәстүрлі өнер театры бар. Олардың репертуарында «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» және т.б. қойылымдар бар.

Қ. Қожамияров атындағы ұйғыр музыкалық-драма театры 1934 жылдың қыркүйегінде ашылды. Бүгінгі таңда драмалық труппадан басқа театрда «Нава» фольклорлық ансамблі, «Сада» жастар эстрадалық ансамблі және «Рухсара» би ансамблі жемісті жұмыс істеп келеді.

1984 жылы театр қазақстандық өнерді дамытуда қосқан үлесі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 2016 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай театрға «академиялық» мәртебе берілді. Биыл мәдениет қызметкерлері күніне орай, Мемлекет басшысы бірқатар театр қызметкеріне «Құрмет» орденін табыс етті, ал ҚР Мәдениет және ақпарат министрі «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын берді.

90 жылдық тарихында театр ТМД және Түркия, Венгрия, Финляндия, Германия, Египет, Қытай, Румыния, Болгария, Пәкістан және Португалия елдерінде халықаралық фестивальдар мен гастрольдік сапарларға белсенді қатысып, әлемдік аренада отандық өнерді кеңінен насихаттады.

Театр фестивалі аясында мұрағаттық тарихи құжаттар мен театрдың сирек кездесетін фотоматериалдарының көрмесі ашылды. Іс-шара соңында фестиваль лауреаттары анықталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға