Жаңалықтар

Алматыда қоқыс алаңдарына видеобақылау камералары орнатылады

Алматыда қоқыс алаңдарына видеобақылау камералары орнатылады
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі 22.11.2024 05:34 953

Алматыда келесі жылы 800 қоқыс алаңы жаңартылатын болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы мегаполис әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында және Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде мәлімдеді. 

Келесі жылы қоқыс алаңдарын жаңғырту жоспарлануда. Біз оларды ретке келтіреміз. Жұма күнінен бастап демалыс күндері жағдай күрделене түсетінін және алаңдар қоқысқа толып жатқанын білемін, - деді Ерболат Досаев халықпен кездесу кезінде.

Барлығы 800 қоқыс алаңын жаңарту жоспарлануда. Ерболат Досаев қала тұрғындарына үлкен көлемдегі қоқыстарды тастамау керектігін ескертті.

Біз бұл үшін қатаң жаза болатынын жаңа ережелерде бекіттік. Сондай-ақ, қоқыс алаңдарына камералар орнатамыз. Бұл бізге құқық бұзушыларды тез анықтауға мүмкіндік береді. Келесі жылы біз алғашқы 400 камераны іске қосамыз, - деді әкім.

Коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларына сәйкес жылжымайтын объектілерді салуды және (немесе) жөндеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар құрылыс және ірі габаритті қалдықтарды (жиһаз, тұрмыстық техника) арнайы бөлінген орындарға дербес әкетуді жүргізуі немесе қоқысты ақы төлеу арқылы мамандандырылған ұйымдарға жүгінуі не оны өздері Алматы облысының Іле және Қарасай аудандарында орналасқан полигондарға жеткізулері тиіс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға