Жаңалықтар

Алматыда Қазақстан мен Ресей Қорғаныс министрлері кездесті

Алматыда Қазақстан мен Ресей Қорғаныс министрлері кездесті
Фото: Қорғаныс министрлігі 31.05.2024 04:35 603

Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына келген ресейлік әріптесімен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов Андрей Белоусовты Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады.

Тараптар екіжақты әскери ынтымақтастықтың өзекті аспектілерін талқылап, кадр дайындау және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымы шеңберіндегі оқу-жаттығуларды қоса алғанда, бірлескен іс-шараларды өткізу мәселелерін қозғады.

Сондай-ақ, өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл туралы да сөз болды. 2024 жылы Қазақстан ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға, ал Ресей ТМД-ға төрағалық етеді. Тараптар мемлекетаралық бірлестіктердегі ынтымақтастық өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Оның практикалық тұрғыда іске асырылуы көпжақты оқу-жаттығулар шеңберінде де жүзеге асырылады. Генерал-полковник Руслан Жақсылықов ресейлік әріптесін биылғы жылдың шілде айында Қазақстанның батысында «Бірлестік» оқу-жаттығуы өтетінінен хабардар етті. Бірлескен іс-қимылдардың жоспарына сәйкес Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әскери контингенттері қарулы қақтығыстарды оқшаулауға және заңсыз құралымдарға қарсы іс-қимылға байланысты оқу-жауынгерлік міндеттерді бірлесіп пысықтайды.

Кездесу қорытындысы бойынша қорғаныс ведомстволарының басшылары көпжоспарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға