Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда қаладағы бір аудан жарықсыз қалды

Алматының Әуезов ауданында, Сайран көліне жақын аумақта жарылысқа ұқсайтын қатты дыбыс естіліп, содан кейін электр жарығы өшіп қалған. Бұл жағдайға трансформатор станциясындағы өрт себеп болғанын қалалық Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ресми дерекке сәйкес, бүгін жергілікті уақыт бойынша 08:53-де Өтеген батыр көшесіндегі 76-үй маңында трансформатордың жанып жатқаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер подстанциядағы шамамен 0,2 шаршы метр аумақтағы жалынды анықтап, электр желісі қызметкерлері нысанды тоқтан ажыратқан.

Жерге келген тоғыз құтқарушы қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, өртті ауыздықтауға кіріскен. Қазіргі уақытта ашық жалынның толық өшірілгені хабарланды.

Бұған дейін Алматының Алатау ауданында да ұзаққа созылған электр желісіндегі ақау салдарынан бір тәуліктен астам уақыт бойы жарық болмаған. Ол кезде әкімдікке қарасты 110 кВ кабель желісінің бүлінуі себеп болған еді.