Алматыда полиция пәтер ұрыларын қылмыс үстінде ұстады
Алматы полицейлері пәтер ұрыларын ұстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Полицияның хабарлауынша, олар негізінен шаһардың тұрғын алабында ұрлық жасап жүрген. Жедел уәкілдер іс-шараны арнайы жасақ полицейлерінің көмегімен жүргізді.
Қаскөйлер қылмыс орнында ұсталды. Олар ұсталғанға дейін аз уақыт бұрын 6-шағын аудандағы пәтерлердің біріне терезе арқылы кіріп, одан алтын бұйым мен қожайындардың жиған-тергенін ұрлап кеткен. Екі күдікті де бұрын бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сотты болған. Олардың бірі – Ақмола облысының тұрғыны, екіншісі – солтүстік өңірден. Біздің деректерге сәйкес, бұл “дуэттің” кем дегенде осыған ұқсас 9 эпизодқа қатысы бар. Олар негізінен қаланың Әуезов, Медеу және Бостандық аудандарында ұрлықпен айналысты. Күдіктілер қамауға алынды. Айғақты заттар тәркіленді, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатов.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.