Алматыда күніне 130 мыңнан аса оқушы тегін тамақтанады
Биылғы оқу жылында Алматы қаласында оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету 40%-ға артқан, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі қалалық Білім басқармасына сілтеме жасап.
Білім басқармасының мәліметінше, былтыр 19 мың оқушы немесе оқушылардың 7% тегін тамақпен қамтамасыз етілсе, биыл шамамен 133 мың бала (45,3%) қамтылды. Осылайша, барлық бастауыш сынып оқушысының тегін тамақпен 100% қамтылуын қосқанда оқушыларды тегін тамақпен қамту 38,3%-ға өсті.
«Сапалы білім берудің маңызды шарты – оқушыларды сапалы азықпен қамтамасыз ету. Сондықтан отбасыларды мемлекеттік қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Бірыңғай стандарттарға сәйкес, 4 апталық тегін тамақтану мәзірі бекітілді. Ол білім басқармасының және білім беру ұйымдарының сайтында жазылған. Қазір барлық білім беру ұйымында тамақтану сапасына күнделікті мониторинг жүргізетін комиссия бар. Құрамына медицина қызметкерлері, мектеп әкімшілігі және ата-аналар қауымының өкілдері кіреді. Тамақтануды ұйымдастыруға білім беру ұйымының басшысы дербес жауапты екенін атап өтемін. Біз әр оқушының сапалы тамақтануын қамтамасыз етуді жалғастырамыз», - деді Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.
Оның айтуынша, қазір 1-4 сынып оқушылары және әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасылардан шыққан 5-11 сынып оқушылары 100%-ы тегін тамақпен қамтамасыз етілді.
«Қала мектептерінде тамақтану сапасын арттыру үшін асханалар цифрландырылады. Бұл қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша пилоттық жобалар, тегін тамақтануды электрондық табельдеу де қолға алынды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады»,- деді ол.
Естеріңізге салайық, 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету бойынша алғашқы пилоттық жоба ел көлемінде алғаш рет биылғы оқу жылының 1 қыркүйегінде Алматы қаласында басталды.
Бұған дейін әлеуметтік осал отбасылардан шыққан білім алушылар ғана тегін тамақпен қамтамасыз етілетін.