Жаңалықтар

Алматыда киберқауіпсіздік бойынша жетекші конференция "KazHackStan-2024" өтті

Алматыда киберқауіпсіздік бойынша жетекші конференция "KazHackStan-2024" өтті
Фото: gov.kz 14.09.2024 20:26 526

Іс-шараға 6000-нан астам келуші мен ақпараттық қауіпсіздік саласындағы сарапшылар, IT-мамандар, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік орган өкілдері, БАҚ, бизнес және вендорлар қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараның үшінші күні ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Үмітжан Арықбекова Қазнет кеңістігіндегі сервистер мен қосымшалардағы осалдықтарды анықтағаны үшін 10 үздік ақ хакерді марапаттады. BugBounty.kz табылған осалдықтар туралы хабарлап, есептер жіберуге мүмкіндік беретін платформа ретінде қызмет етеді. Бұл алаң «Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы» мен ҚР ЦДИАӨМ-ның бірлесіп іске қосқан жобасы.

Үш күн бойы конференция қатысушылары белсенді түрде білімдерімен, тәжірибелерімен және идеяларымен алмасты. Киберқауіпсіздік саласындағы білім мен дамудың түрлі аспектілеріне арналған сессиялар осы саладағы өзекті сын-қатерлер мен бастамаларды талқылауға мүмкіндік берді.

Спикерлер күрделі жағдайлар туралы айтып, соңғы трендтерді баяндады және аудиторияның сұрақтарына жауап берді. Бұдан бөлек, түрлі воркшоптар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, іс-шарада компаниялардың стендтері жұмыс істеді, онда қатысушылар мансаптық мүмкіндіктер мен білім беру бағдарламалары туралы қосымша ақпарат ала алды.

Конференция аясында ҚР ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ-мен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен сессия өткізді, онда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік бақылау функцияларын жергілікті атқарушы органдарға беру, сондай-ақ дербес деректерді қорғау мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның сыни маңызды объектілеріне жауапты ақпараттық қауіпсіздік мамандары үшін «Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның сыни маңызды объектілерін басқару және қорғау: сын-қатерлер мен шешімдер» тақырыбында семинар өткізілді. Оқыту барысында ақпараттандыру заңнамасы мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарын сақтау бойынша түсініктемелер берілді.

Сонымен қатар, «OSINT цифрлық іздері: ақпарат жинаудың және талдаудың заманауи әдістері және цифрлық тазалық: кибергигиенаның негіздері» тақырыбында воркшоп өтті. Спикерлер қатысушыларды ашық ақпарат көздерін барлау (OSINT) және киберқауіпсіздік әдістері мен құралдарымен таныстырды.

Оқытуға 300-ден астам мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.

KazHackStan — бұл ақпараттық және киберқауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және шешуге арналған тәжірибе алмасу алаңы.

Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның сыни маңызды объектілері – ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілері, соның ішінде электрондық үкіметтің ақпараттық-коммуникациялық технологиялары, олардың жұмыс істеуінің бұзылуы немесе тоқтауы әлеуметтік және (немесе) техногендік сипаттағы төтенше жағдайға немесе Қазақстан Республикасының қорғанысы, қауіпсіздігі, халықаралық қатынастары, экономикасы, шаруашылық салалары, инфрақұрылымы немесе тиісті аумақтағы халықтың өмір сүруі үшін елеулі жағымсыз салдарға әкеледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға