©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Алматыда имам көлік жүргізіп келе жатып көз жұмды

Алматыда мешіт имамы көлік жүргізіп келе жатып қайтыс болды. Ер адам есінен танып, сол сәтте рульді басқара алмай қалған. Автомобиль жол шетіне шығып, билбордқа соғылған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Оқиға Әл-Фараби даңғылында, Жамақаев және Сейфуллин көшелерінің арасындағы бөлікте болған. Куәгерлердің айтуынша, Mitsubishi Lancer көлігі шығыс бағытта қозғалып келе жатып, бір сәтте баяу оңға қарай ауытқи бастаған.

Көлік Жамақаев көшесін кесіп өтіп, бордюрге шығып кеткен, одан кейін көліктің бір жағы газонмен сырғып, ақыры жарнама тақтасына соғылған.

Куәгердің бірі апат болған сәтте көлікке жүгіріп барған. Ол жүргізушінің есінен танып қалғанын көріп, өрттің алдын алу үшін аккумуляторды ажыратып, өтіп бара жатқан жедел жәрдем көлігін тоқтатқан.

Дәрігерлер ер адамның жол апатына дейін қайтыс болғанын анықтады. Алдын ала болжам бойынша, ол денсаулығына байланысты жағдайдан көз жұмған.

Болжам бойынша, жүргізушінің өлімі соқтығысуға дейін болған, – деді дәрігерлер.

Жол-патрульдік полиция қызметкерлері мен криминалистер оқиға орнында жұмыс істеп, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Полиция марқұмның кім екенін анықтады, ол Алматыдағы мешіттердің бірінің имамы екені белгілі болды.