El.kz

Алматыда «Еуро-5»-тен төмен көліктерге шектеу қойыла ма?

23.03.2026 11:57

Алматыда ауа сапасын жақсартуға бағытталған Low Emission Zone (LEZ) — төмен шығарындылар экоаймақтарын енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Қала әкімдігі пилоттық жобаны іске қосу бойынша жұмыстар әлі жалғасып жатқанын мәлімдеді. El.kz мәселенің мән-жайына тоқталып көрді.

LEZ деген не және не үшін қажет?

2025 жылғы 30 желтоқсанда Алматы қаласының мәслихаты атмосфералық ауаны қорғау ережелерін бекітті. Құжат төрт негізгі бағытты қамтиды:

  • автокөліктерге экологиялық талаптарды күшейту;
  • III санаттағы стационарлық нысандарға талаптар енгізу;
  • заңбұзушылықтарды бақылау және анықтау;
  • төмен шығарындылар экоаймақтарын (LEZ) ұйымдастыру.

Жобаға сәйкес, мұндай экоаймақтарда тек экологиялық стандарты кемінде «Еуро-5» деңгейіндегі көліктердің қозғалуына рұқсат берілуі мүмкін.

Жүргізушілер нені білуі керек?

Алдын ала деректерде экоаймақтар қаланың орталық бөлігінде — Абай, Достық, Желтоқсан және Бөгенбай батыр көшелерінің аумағында, сондай-ақ Саин, Рысқұлов және Шығыс айналма жолы маңында болуы мүмкін екені айтылған.

Алайда әкімдік нақты шекаралар әлі бекітілмегенін хабарлады. Олар келісілгеннен кейін жарияланады.

Экоаймаққа кіргенін білдіретін арнайы жол белгілерін орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар, заңбұзушылықтарды «Сергек» интеллектуалды бейнебақылау жүйесі арқылы анықтау көзделген.

Маңыздысы — жобаның алғашқы кезеңінде айыппұл салу қарастырылмайды.

Ескі көліктерге қатысты не болады?

Қала билігі экологиялық класы төмен көлік иелеріне әзірге тек техникалық жағдайды бақылауды ұсынады. Қазіргі кезеңде шектеулер енгізу жоспарланбаған.

Ал бұған дейін айтылған ескі көліктерді (Еуро-0 – Еуро-4) сатып алу бағдарламасы Алматыда әлі қарастырылмаған.

Экоаймақ тұрғындарына қандай жағдай жасалады?

Болашақ экоаймақтарда тұратын азаматтар үшін арнайы жеңілдіктер мен тетіктер әзірленеді. Бұл мәселе де әлі пысықталу үстінде.

Жоба қашан іске қосылады?

Кейбір ақпарат құралдарында пилоттық режим 10 наурыздан басталады деген мәлімет тараған. Алайда әкімдік бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Қазіргі таңда жобаны іске қосу мерзімі нақты белгіленбеген.

Алматыдағы LEZ жобасы әзірге дайындық кезеңінде. Нақты мерзімдер, экоаймақ шекаралары мен ережелер әлі бекітілмеген.

Қала билігі шешімдер кезең-кезеңімен қабылданатынын және тұрғындар мен жүргізушілердің мүддесі ескерілетінін атап өтті.

Жақын уақытта жобаға қатысты толық әрі нақты ақпарат ресми түрде жарияланады.