Жаңалықтар

Алматыда электр автобустары жаңа маршрутқа шығады

Алматыда электр автобустары жаңа маршрутқа шығады
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі 16.01.2025 21:47 96

Алматыда қоғамдық көлік жүйесін дамыту және экологиялық жағдайды жақсарту аясында қалалық автобустарды жаңарту жалғасып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Жеке автопарктердің бірі 18 қаңтарда маршрутқа шығатын электр автобустарының партиясын сатып алғаны белгілі болды. 

Қала әкімдігінің мәліметінше, «Golden Dragon» маркалы төмен еденді электр автобустары 300 км диапазонға ие. Сонымен бірге, дыбыссыз кондиционерлермен, бейнебақылау камераларымен және басқа да заманауи жүйелермен жабдықталған. Бұл автобустар №98 маршрутта «Райымбек» метро станциясы - «Бай-Тал» ТК қатынайтын болады.

Алматы қалалық мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Құмарғазин қоғамдық көлікті дамыту жөніндегі жұмыстардың арқасында қалада жыл сайын жолаушылар ағыны өсетінін және қазіргі уақытта күніне 1,6 млн. жуық сапар жасалатынын атап өтті.

Алматы агломерациясымен көліктік байланысты қамтамасыз ету үшін өткен жылы біз 20 жаңа қала маңындағы маршруттарды ұйымдастырдық. Қаланың 2030 жылға дейінгі Көлік қаңқасының мастер-жоспарын іске асыру аясында көктемде Желтоқсан көшесі мен Райымбек даңғылының бойында екі BRT желісін салуға кірісеміз. Сондай-ақ, әкімдік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған тасымалдаушыларды субсидиялаудың жаңа қағидаларын әзірледі, - деп атап өтті ол.

Өз кезегінде «City Bus» автобус паркінің директоры Данияр Байғабатов компания 14 электробус сатып алғанын мәлімдеді. 

Көлік инфрақұрылымын жақсарту, жаңа технологияларды енгізу және тасымалдау саласындағы нақты ережелер бізге ұзақ мерзімді перспективада жоспарлауға, жылжымалы құрамды жаңартуға, кәсіби кадрларды тартуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта тағы 60 электр автобусын сатып алуды жоспарлап отырмыз, - деді автопарк басшысы.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылы Алматыда әкімдік және жеке тасымалдаушылар 800 газ автобусы мен 260 электробус сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл автобустардың орташа пайдалану мерзімін 2 жылға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға