Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Алматыда екінші дүниежүзілік соғыс ардагері 98 жасқа толды

26.07.2025 21:14

Алматы қаласының Жетісу ауданында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Илья Григорьевич Кудиннің 98 жасқа толуына орай Қорғаныс істері жөніндегі департамент пен басқарманың өкілдері, ардагерлер мен аудан әкімдігінің қызметкерлері арнайы құттықтады, деп  хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Нұржан Естаев, сондай-ақ «ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері» РҚБ Алматы филиалының өкілі, отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин ардагерге Қорғаныс министрінің құттықтау хатын табыстаған. 

1927 жылы Алматы облысының Кербұлақ ауданында дүниеге келген Илья Кудин 17 жасында соғысқа шақырылып, артиллерия құрамында гитлерлік Германияға қарсы ұрысқа қатысқан. Кейін Қиыр Шығыста Жапонияға қарсы операцияларға да атсалысты. Әскер қатарынан 7 жылдан кейін оралған соң, туған жерінде механизатор болып еңбек еткен.

Ардагер II дәрежелі Отан соғысы орденімен және «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Бүгінде Алматы қаласында тұратын Илья Григорьевич үш баланың әкесі, тоғыз немере мен алты шөберенің атасы.

Әскери қызметкерлер ардагердің жауынгерлік жолын ерекше құрметтейтінін атап өтті. Өз кезегінде Илья Кудин жыл сайын көрсетілетін ілтипат пен құрметке ризашылығын білдірді.