Жаңалықтар

Алматыда дәрілік заттардың сапасы талқыланды

Алматыда дәрілік заттардың сапасы талқыланды
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі 21.09.2023 19:48 669

Алматы қаласында Америка Құрама Штаттарының фармакопеялық конвенциясы (USP) Қазақстан Республикасының дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығымен бірлесіп ұйымдастырған «Дәрілік заттардың сапасы: қамтамасыз ету және бақылау» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау ведомствосы таратқан мәлімет бойынша, жиынның алғашқы күні фармацевтика саласының реттеуші органдарымен кездесуге арналып, өз алаңында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Тәжікстан, Әзірбайжан және Түркия өкілдерін жинады. Спикерлер қызметтің негізгі бағыттарын, ұлттық реттеушілердің даму перспективалары мен өзара іс-қимылын, сондай-ақ дәрілік заттардың сапасын бағалаудың заманауи тәсілдерін талқылады.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев мұндай кездесуді өткізу еліміздің және өңірдің фармацевтика саласын одан әрі дамыту үшін ортақ іс-қимылдардағы маңызды қадам екенін атап өтті.

USP-тің Еуропа, Таяу Шығыс, Африка өңірінің бас директоры доктор Алессандро Слама АҚШ-тың бүкіл әлем бойынша Фармакопеялық конвенциясының тарихы мен қызметі туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол Қазақстан мен Өзбекстан АҚШ Фармакопеялық конвенциясының мүшелері болып табылатынын және осы конференция бүкіл Орталық Азиямен бірлескен жұмыста жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Ұлттық орталықтың рөлі мен Қазақстандағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын бақылау туралы айтты. Ол Қазақстан өз процестерін жаһандық стандарттармен үйлестіретінін және сапаны бақылау: ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тіркеу, тіркеуден кейінгі кезеңде бақылау және сапаны мемлекеттік бақылау арқылы нарыққа жіберу секілді  үш кезеңде жүзеге асырылатынын атап өтті.

Жыл сайын ДЗ мен МБ сараптаму ұлттық орталығының мамандары шамамен 6 мың дәрілік препараттарға сараптама жүргізеді, олардың шамамен 5%-ы нарыққа жіберілмейді және 5 мыңға жуық медициналық бұйымдардың сараптамаларын жүргізеді, олардың орташа 7%-ын  нарыққа жіберуден бас тартады.

Сонымен қатар тіркеуден кейінгі бақылау шеңберінде орталық дәрі-дәрмектерге жағымсыз реакциялар және медициналық бұйымдарды қолдану кезіндегі қолайсыз оқиғалар туралы карта-хабарламалар жинайды және пайда-қауіп  арақатынасын бағалауды жүргізеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға