Алматыда бір тоннадан астам контрабандалық пиротехникалық заттар тәркіленді
Алматыда бір тоннадан астам контрабандалық пиротехникалық заттар тәркіленді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алматы полициясы 2024 жылдың 5 желтоқсаны мен 2025 жылдың 3 қаңтары аралығында өткізіліп жатқан «Пиротехника» жедел алдын алу іс-шарасының аралық қорытындысын шығарды. Іс-шара басталғаннан бері полиция бөлімшелері ҚР ӘҚбтК-нің 196-бабы (Тауарлардың немесе басқа заттардың заңсыз айналымы) бойынша 134 құқық бұзушылықты анықтады.
Заңсыз айналымнан 1 мың 482 қораптан астам пиротехникалық бұйымдар тәркіленді. Тауарларды онлайн сату жүзеге асырылатын сауда нысандары, базарлар мен интернет-ресурстар тұрақты бақылауда.
Естеріңізге сала кетейік, «Пиротехника» іс-шарасының мақсаты жаңа жылдық мерекелер кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың азаматтық пиротехникалық заттар мен олар пайдаланатын бұйымдар айналымының белгіленген ережелерін сақтауын қадағалау болып табылады.