Жаңалықтар

Алматыда әскерилер соғыс ардагерін ғасырлық мерейтойымен құттықтады

Алматыда әскерилер соғыс ардагерін ғасырлық мерейтойымен құттықтады
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 15.04.2025 22:42 473

Алматыда Отан соғысына қатысқан Иван Матвеевич Бегуновты Медеу ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы органдардың және «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ Алматы филиалының өкілдері туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қарулы күштер ардагерлері қалалық кеңесінің өкілі отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хатын оқып, майдангерге жеңіске қосқан үлесі мен көп жылдық еңбегі үшін риясыз ризашылығын білдірді.

– Сіз сұрапыл соғыс сынағынан өттіңіз, ал соғыстан кейінгі жылдарда Қазақстанның әрі қарай өркендеуі, әл-ауқаты артуы үшін қызмет еттіңіздер. Ата-бабаларымыздың сол кезеңдегі ерлігі еш ұмытылмайды, – деді Т. Мұстафин. 

Мерейтой иесіне ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің әскери оркестрі соғыс әуендерін шырқады. 

Ардагер құттықтауларды шексіз ризашылықпен қабылдап, соғыстың ауыр жылдарындағы естеліктерінен сыр шертіп, қазақстандықтарға ашық аспан мен амандық тіледі.

Иван Матвеевич Бегунов 1925 жылы 15 сәуірде Житомир қаласында (Украина) дүниеге келген. Тоғыз жасынан бастап оның тәрбиесімен өкіл шешесі айналысқан. Кейін он алты жасар Иван жұмыс істемек болып Батыс Қазақстанға көшіп келген.     

Соғыс басталысымен жас жігіт Ақтөбе облысынан Кеңес әскерінің қатарына шақырылды. Украина майданында 228-ші гвардиялық атқыштар полкінің құрамында соғысқан, пулеметші болған. Еуропаны азат етуге қатысты. Жеңісті ол 1945 жылы мамырда Прагада қарсы алды.

Шайқаста көрсеткен батылдығы мен төзімділігі үшін сарбаз Қызыл Ту орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және басқа да жауынгерлік наградалармен марапатталды.

Соғыстан кейін Иван Бегунов Қызылордадағы «Қазқұрылысмонтаж» кәсіпорындарында, кейінірек Алматыдағы «Қазэлектромонтажда» прораб болып жұмыс істеді.

Бүгінде ардагер қызы Иринамен бірге тұрады. Оның бес немересі, он бір шөбересі және бір неменесі бар. Майдангердің рухы әлі мықты, қимылы ширақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға