Жаңалықтар

Алматыда әскери қызметшілер ардагерді ғасырлық мерейтойымен құттықтады

Алматыда әскери қызметшілер ардагерді ғасырлық мерейтойымен құттықтады
Фото: Қорғаныс министрлігі 21.10.2024 13:39 437

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан алматылық Әбдірахман Ишмұхамедов 100 жасқа келді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Майдангерді Алмалы ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері мен Алматы қаласы «Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ филиалының төрағасы отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин құттықтады. Олар ардагерге құттықтау хат пен азық-түлік апарған.

Әбдірахман Шәріпұлы 1924 жылы 21 қазанда Қостанай облысында дүниеге келген. Балалық шағы Шымкентте өтті. Орта мектепті бітіргеннен кейін ол теміржол мектебіне оқуға түсті, алайда соғыс басталып, оның өмірі түбегейлі өзгерді. Жас жігіт өз еркімен майданға аттанды, онда байланысшылар мектебіне жіберілді.

Алматыда әскери қызметшілер ардагерді ғасырлық мерейтойымен құттықтады

Майданда байланысшы Әбдірахман Ишмұхамедов оқиғалардың нәтижесі жиі тәуелді болатын маңызды деректердің берілуін қамтамасыз етті. Сондай күндердің бірінде ол ауыр жарақат алып, ауруханада емделіп, майдан шебіне қайта оралады. 

Псков және Новгород облыстарын азат етуге қатысып, Балтық жағалауы мен Украинаға дейін жетіп, Жеңіс туралы қуанышты хабарды Бухарестте естиді. Соғыста көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Қызыл Жұлдыз орденімен және І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. 

Соғыстан соң Әбдірахман Шәріпұлы елге оралып, университетке түсіп, кандидаттық диссертациясын, кейін докторлық диссертациясын сәтті қорғады. 60 жылға жуық уақыт бойы философия ғылымдарының докторы белсенді ғылыми-педагогикалық қызмет атқарды, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ және Қарағанды политехникалық институты сияқты еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында студенттерді оқытты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға