Жаңалықтар

Алматыда әскер қатарына алынғандарды жөнелту басталды

Алматыда әскер қатарына алынғандарды жөнелту басталды
Фото: Қорғаныс министрлігі 07.09.2024 13:05 337

Күзгі шақыру науқаны аясында Алматы қаласының жинау пунктінен құрамында 27 әскерге шақырылушы бар бірінші команда әскери қызмет өткеретін орынға аттанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскерге кетіп бара жатқандарға ақ жол тілеп, туған-туыстары, қаладағы ардагерлер ұйымының өкілдері, құрметті қонақтар мен әскери полиция офицерлері келді. 

ҰҚК Шекара қызметіне жіберілетін әскерге шақырылушыларға арнап қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Талғат Өзехан сөз сөйледі.  

Отбасы күні қарсаңында мерзімді әскери борышын өтеуге кетіп барасыңдар. Бұның мәні зор. Өйткені, Отанды қорғау – өз елін сүйетін әрбір азамат үшін қасиетті парыз бен міндет. Ал Отан – отбасынан басталады. Әскерде абыроймен қызмет етіп, үйлеріңе мақтанышпен оралуларыңа тілектеспін, – деді ол. 

Әскерде борышын өтеген жылы жас жауынгерлер машықтанып, қазіргі уақытта әскери салада ғана емес, азаматтық салада да сұранысқа ие әскери-есептік мамандықтарды меңгереді.

Бұл жерге отбасымызбен келдік. Ұлымыз әскери борышын адал атқарып келеріне сенемін. Өйткені, артында өсіп келе жатқан інілері бар. Соларға жақсы үлгі көрсетуі керек. Барлық әскерге алынғандарға қызметте сәттілік тілеймін, үйлеріне шынығып, шымыр болып оралсын, – деді Әсет Берікханның әкесі Қасым Әтиев.

2024 жылдың күзінде Алматыдан Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға барлығы 1700-ден аса азамат шақырылады деп жоспарлануда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға