Алматыда Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр
Бүгін Алматы қаласында қазақ киносы мен театрының аңыз тұлғасы, Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қаралы жиынға мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер саласының өкілдері, марқұмның әріптестері, шәкірттері және қала тұрғындары жиналды.
Оқи отырыңыз:
- «Ең үлкен атақ – жұрттың сенімі»: Асанәлі Әшімовтің көзі тірісінде айтқан сөздері
- «Өкпеге қисам да, өлімге қимадым»: Алаш жұрты Асанәлі Әшімовтің қазасына байланысты көңіл айтты
Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атынан көңіл айту жеделхатын оқып, Асанәлі Әшімовтің бүкіл ғұмырын театр мен кино өнеріне арнағанын, қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, көптеген жарқын әрі есте қаларлық бейнелерді сомдағанын атап өтті.
Ал Асанәлі Әшімовтің қонақ асында «Қыз Жібек» фильмінде Жібектің рөлін сомдаған танымал актриса Меруерт Өтекешова сөз сөйлеп, Бекежанымен қоштасу қиын соққанын алға тартты.
Біздің сүйікті Асанәлі ағамыз алыс жолға кетті. Бірақ Асанәлі ағамыз жүрегімізде мәңгі қалады. Халық Асанәлі ағамызды ешқашан ұмытпайды. Тірі кезінде ағамыз өнер, отбасына байланысты қанша кітап шығарды. Біздің жазушылар Асанәлі ағамызға арналған әлі талай кітап шығарады. Ол кісі туралы жазатын дүние әлі көп. Асанәлі ағамыздың ойнаған рөлдері, режиссер ретіндегі еңбегі әлі талай айтылады. Маған Асанәлі ағамыз аға, актер, ұстаз, дос ретінде көп көмек көрсетті. Мен өнер жолын алғаш бастағанда өте жас болдым. Төлегенім алыс жолға кетті, енді Бекежаным – Асанәлі аға бүгіннен бастап алыс жолға кетті. Енді жоғарыда бір-бірімен кездесіп, бізге жұлдыз сияқты қарап, қамқорлығын көрсетеді. Әттең, бір жыл жетпей қалды. Келесі жылы театрымыздың 100 жылдығы тойланады. Қалай болса да, Асанәлі ағаның орнын ешкім баса алмайды, – дейді актриса.
Аңыз адам «Кеңсай-1» зиратына жерленеді.
Еске сала кетейік, көрнекті кино және театр актері, қазақ сахнасының абызы Асанәлі Әшімов 88 жасында дүниеден озды. Ол ұлттық мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, бірнеше буын көрерменнің жүрегінен орын алған бірегей тұлға болды.
Асанәлі Әшімұлының ғұмыр жолы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрымен тығыз байланысты. Ол бұл қасиетті қара шаңырақта актер ретінде де, көркемдік жетекші ретінде де ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек етті.
Сахнада сомдаған әрбір бейнесі қазақ театрының алтын қорына енді. Актерлік шеберлігімен, ішкі тереңдігімен, сахналық мәдениетімен ол Әуезов театрының биік деңгейін қалыптастырды. Оның қатысуымен театр репертуары көркемдік тұрғыдан жаңа белеске көтерілді.

